Мемлекеттік Туды орналастыру талаптары нақтыланды

Қазақстан Үкіметі Мемлекеттік Туды пайдалану және орналастыру қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа талаптарға сәйкес, енді жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, оның ішінде балкондарға 45 градус бұрышпен орналастыра алады. Сондай-ақ Туды салтанатты іс-шаралар кезінде пайдалануға рұқсат берілген.

Құжатқа сәйкес, Мемлекеттік Ту ұлттық стандарт талаптарына сай болуы және ешқандай бүлінген, тозған немесе зақымданған күйде қолданылмауы тиіс. Жеке тұрғын үйлерде Ту кемінде үш метр биіктікте орналастырылады. Сонымен қатар түнгі уақытта оған арнайы жарық түсіру міндетті емес.

Жаңа қағидаларда Мемлекеттік Тудың жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тиіп тұрмауы қажеттігі атап көрсетілген. Ал тігінен ілінген жағдайда ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы керек.

Сонымен бірге Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ оны киім, төсек-орын жабдығы, перде немесе дастарқан ретінде қолдануға тыйым салынады. Алайда оның бейнесін спорттық киімдер мен спорттық экипировкаға орналастыруға рұқсат етілген.

Өзгерістер мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары мен ақпараттық стендтерінде мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібін де нақтылайды. Енді олар мынадай ретпен орналасуы тиіс: алдымен Мемлекеттік Ту, одан кейін Мемлекеттік Елтаңба, соңында Мемлекеттік Әнұран.