Жаңа технологияларға бастар жол
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің машина жасау, металлургия және энергетика салаларындағы мүмкіндіктері бүгінгі таңда ғылыми қауымдастықтың басты назарында. Осы бағыттағы өзекті мәселелер мен тың бастамаларды талқылау мақсатында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында «Жастар ғылымының инновациялық және цифрлық технологияларды дамытуға қосқан үлесі» атты республикалық студенттік ғылыми конференция өтті. Іс-шара көрнекті қазақ қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, алғашқы қазақ профессор-математигі Әлімхан Ермековтің 135 жылдығына арналды. Конференция аясында студенттер өздерінің ғылыми жобаларын ұсынып, заманауи технологиялардың өндіріс пен экономикаға ықпалын кеңінен талқылады.
Ауқымды шараға еліміздің түрлі жоғары оқу орындарынан, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден 900-ден астам баяндама келіп түсті. Пленарлық отырыста сегіз студент үздік деп танылған ғылыми жұмыстарын көпшілікке таныстырды. Одан кейінгі талқылаулар 14 бағыт бойынша секциялық отырыстарда жалғасын тапты. Секциялар мазмұны да бүгінгі ғылыми үрдістердің сан қырлылығын айқын көрсетті. Атап айтқанда, IT және жасанды интеллект, Smart Energy, радиоэлектрондық жүйелер, тау-кен металлургия кешені, машина жасау, көлік және логистика, экономика, химия-биологиялық ғылымдар және құрылыстағы цифрлық шешімдер секілді бағыттар қамтылды. Бұл бағыттардың барлығы ел экономикасының негізгі салаларымен тығыз байланысты екені белгілі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі ғылым барған сайын пәнаралық сипатқа ие болуда. Бұрын әр сала жеке-жеке дамыса, бүгінде олардың арасындағы шекара жойылып, бір-бірімен тығыз ықпалдастықта дамып келеді.
– Бұрын ғылыми бағыттар жеке-жеке дамыды. Алдымен механика, кейін электроника мен компьютерлер. Ал бүгінде олардың арасындағы шекара жойылып келеді. Болашақ инженері бағдарламалау, жасанды интеллект және деректерді талдау негіздерін меңгеруі тиіс. Пәнаралық байланыс ғылым дамуының басты трендіне айналып отыр, – дейді Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-дың ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Али Мехтиев.
Бүгінде жас ғалымдар тек теориялық зерттеулермен шектелмей, өндіріс пен цифрлық сервистерге енгізуге болатын нақты қолданбалы жобаларға басымдық беруде. Мұндай жобалар елдің технологиялық дамуына тікелей әсер етіп, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Солардың бірі электр жабдықтарымен жұмыс істеу кезінде диагностика мен персоналды оқытуда толықтырылған шындық көзілдіріктерін қолдану бойынша зерттеу. Жоба өндірістегі қауіпсіздікті арттырып, мамандарды даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
– Біз технологияны іске асырудың түрлі нұсқаларын және оны диагностика мен оқытуда қолдану мүмкіндіктерін қарастырдық. Болашақта бұл жабдықтың цифрлық егіздерін жасауға және оның жай-күйін дәлірек болжауға негіз болуы мүмкін, – деді конференция қатысушысы Дилара Жақұбекова.
Тағы бір маңызды зерттеу жұмысы Қазақстан логистикасында жасанды интеллектті қолдану мәселелеріне арналды. Техникалық университеттің студенті Ақнұр Ердімұрат өз жұмысында AI технологияларын енгізу кезінде туындайтын негізгі қиындықтарды саралап, отандық логистика саласының ерекшеліктерін ескере отырып, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынды. Бұл зерттеу көлік-логистика жүйесін оңтайландыруға және шығындарды азайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Жалпы, ұсынылған барлық студенттік жобалар оқытушылардың жетекшілігімен командалық форматта орындалды. Мұндай тәсіл білім алушыларды бакалавриат деңгейінен бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартуға, олардың практикалық дағдыларын қалыптастыруға және ғылымға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, бұл жүйе студенттердің өз жобаларын ұзақ мерзімді негізде дамытуына мүмкіндік береді. Яғни, магистратураға түскен жағдайда олар бұрын бастаған ғылыми жұмыстарын жалғастырып, толыққанды нәтижеге жеткізе алады. Бұл – отандық ғылымның сабақтастығын қамтамасыз ететін тиімді тетік.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

