Жаңа Конституция қағидаттары талқыланды

Достық үйінде «Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның негізі» атты аймақтық сарапшылық форум өтті. Басқосуда Конституцияның қоғам өміріндегі орны, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара байланысты жетілдіру мәселелері талқыланды.

Форумға облыс әкімі, сот және құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қатысты. Сондай-ақ облыстың барлық қала-аудандарынан онлайн форматта қосылған қатысушылар да пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Жиынды Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ашып, Конституцияның елдің құқықтық жүйесіндегі ерекше орнына тоқталды. Оның айтуынша, Ата Заңның басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті.

– Конституция – еліміздің негізгі құқықтық құжаты. Ол әділетті қоғам құрудың, заң үстемдігін қамтамасыз етудің және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтудың берік негізі. Конституцияның шынайы құндылығы оның қағидаттарының әр азаматтың күнделікті өмірінде нақты жүзеге асуымен өлшенеді, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі өз сөзінде форум қатысушыларының талқысына бірнеше өзекті мәселені ұсынды. Атап айтқанда, Конституцияның мемлекетті нығайтудағы рөлі, әр азаматтың осы үдеріске қосатын үлесі және Ата Заң қандай құндылықтарды қорғауы тиіс деген сұрақтар жиынның негізгі талқылау тақырыптарына айналды. Форум бағдарламасы бірнеше бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде құқықтық мемлекет қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды. Кейін азаматтық қоғамның рөлі, азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуы мен жауапкершілігі сөз болды. Жиынның тағы бір бөлігі отбасы институтын нығайтуға, жас ұрпақ тәрбиесіне және қоғамдық құндылықтарды дәріптеуге арналды.

Шара барысында баяндамалармен қатар волонтерлік қызмет, отбасы құндылықтары, жастар бастамалары және әлеуметтік жауапкершілік туралы бейнероликтер көрсетілді. Олар талқыланған тақырыптарды толықтырып, форум мазмұнын кеңейте түсті. Жиында Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтары, ар-намысы мен қадір-қасиетінің ең жоғары құндылық ретінде айқындалғаны ерекше аталып өтті. Қатысушылардың пікірінше, бұл қағидат құқықтық жүйенің ғана емес, қоғамның дамуына негіз болатын басты ұстанымдардың бірі.

Форумда құқықтық мемлекет қағидаттарын одан әрі нығайту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ерден Әріпов пен облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев сот жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар туралы баяндама жасады.

Ерден Әріпов сот билігінің тәуелсіздігі Конституция талаптарын толық жүзеге асырудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.

– Тәуелсіз әрі әділ сот қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты қорғалуын қамтамасыз етіп, Конституцияның үстемдігін іс жүзінде жүзеге асыра алады. Осыған байланысты сот жүйесінің кәсібилігін арттыру, ашықтығын қамтамасыз ету және қоғамның сотқа деген сенімін нығайту құқықтық мемлекет құрудағы маңызды міндеттердің бірі болып қала береді, – деді ол.

Форум барысында мемлекеттік басқару жүйесі мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері де сөз болды. Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов қоғамдық бастамаларды қолдау және тұрғындарды шешім қабылдау үдерісіне кеңінен тарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, «Халық Кеңесі» тетігі тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейтіп, қоғамның ұсыныс-пікірлерін ескеруге мүмкіндік беріп келеді.

Жиын соңында қатысушылар Конституцияның қағидаттарын күнделікті өмірде тиімді жүзеге асыру, заң үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті. Форумда көтерілген ұсыныстар құқықтық мемлекетті дамытуға және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал ететіні айтылды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»