Қарағандылық жайдарманшылар марапат төрінде
Бұқар жырау ауданында жастар шығармашылығын қолдауға және жайдарман қозғалысын дамытуға бағытталған ауқымды мәдени шара өтті. Көкпекті ауылдық Мәдениет үйінде аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан әкімінің кубогіне арналған республикалық «Жайдарман» фестивалі ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген талантты жастардың басын қосты.
Көңілді тапқырлар додасына Қазақстанның түрлі аймақтарынан 11 команда қатысып, көрермендерге өздерінің шығармашылық бағдарламаларын ұсынды. Фестиваль барысында қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді әзілмен астарлап жеткізіп, тапқырлықтары мен актерлік шеберліктерін паш етті. Әр команда сахнада өзіндік ерекшелігін танытып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, залға жиналған көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қатысушылардың әзілге құрылған қойылымдары, шынайы өмірден алынған оқиғаларды сахналауы және заманауи тақырыптарды ұтымды жеткізуі фестивальдің мазмұнын байыта түсті.
Қазылар алқасының шешімімен фестивальдің Бас жүлдесі мен Бұқар жырау ауданы әкімінің кубогі Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Тіфә-тіфә» құрама командасына бұйырды. Жеңімпаз командаға аудан әкімінің кубогімен қатар, 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табысталды.
Бірінші орынды Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімінің «Ұлттық ұлан» құрамасы иеленіп, 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. Команда өз өнерінде әскери өмірдің ерекшеліктерін әзілмен ұштастырып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Екінші орын екі командаға – Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды полиция академиясының «Ішкі істер құрамасы» мен Қарағанды қаласының «Медиа» еркін құрама командасына берілді. Олар 100 мың теңгеден ақшалай сертификатпен марапатталды. Ал үшінші орын Алматы қаласындағы SDU университетінің «Санат» құрама командасына бұйырып, команда мүшелеріне 50 мың теңге көлеміндегі сертификат табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай республикалық деңгейдегі фестивальдер жастар арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып қана қоймай, олардың сахналық мәдениетін, шешендік қабілетін және қоғамдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Жайдарман» қозғалысы жастарды бірлікке, тапқырлыққа және заманауи мәселелерге бейжай қарамауға тәрбиелейтін маңызды орта.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

