«Айбын-2026»: Қарағанды жастары үздіктер қатарынан көрінді
Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны – «Айбын-2026» өз мәресіне жетті. Биылғы беделді додаға Қазақстанның барлық өңірлерінен және шет мемлекеттерден келген 50-ден астам команда, мыңға жуық жас қатысты. Бір аптаға созылған жарыста қатысушылар әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша ғана емес, интеллектуалдық және инновациялық бағыттарда да өзара бақ сынады.
Қарағанды облысының намысын қорғаған командалар жарыс қорытындысында жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Абай ауданындағы Борис Керімбаев атындағы әскери-патриоттық клуб Қазақстан өңірлерінің әскери-патриоттық клубтары арасында ІІІ орынды жеңіп алып, облыс қоржынына қола медаль салды.
– Бұл жүлде – біздің ұзақ уақыт бойы жасаған еңбегіміздің жемісі. Әрбір сайысқа тыңғылықты дайындалып, команда болып бір мақсатқа жұмылдық. «Айбын» жиыны бізге үлкен тәжірибе жинақтауға, еліміздің және шетелдің үздік командаларымен пікір алмасуға мүмкіндік берді. Қарағанды облысының намысын абыроймен қорғағанымызды мақтан тұтамыз. Бұл жетістік алдағы жеңістерге жігер береді, – дейді Темірлан Мақашев.
Өңірге тағы бір қола жүлдені Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды әскери колледжінің командасы сыйлады. Олар Қазақстан Республикасының әскери колледждері арасындағы сайыста ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің атынан қатысқан «Жас Ұлан» командасы жекелеген жарыс түрлері бойынша жүлдегерлер қатарынан көрініп, жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді.
Биылғы «Айбын-2026» бағдарламасы мазмұны жағынан бұрынғы жылдардан ерекшеленді. Қатысушылар әскерилендірілген кросс, әскери-қолданбалы эстафета, әскери-тактикалық ойын, нысана көздеу, АК-74 автоматын бөлшектеу және жинақтау, кермеде тартылу, жүзу, робототехника, зияткерлік сайыстар бойынша сынға түсті. Сонымен қатар жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік бағытындағы инновациялық жобаларын қорғап, FPV-дрондарды басқару шеберліктерін көрсетті. Ұлттық спорт түрлері, мәдени-танымдық бағдарламалар мен көшбасшылық кездесулер де жиынның маңызды бөлігіне айналды.
Халықаралық жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін күшейту, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту және Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырудың маңызын атап өтті.
«Айбын» халықаралық жиыны жыл сайын жас ұрпақтың әскери даярлығын шыңдап қана қоймай, олардың жауапкершілік, тәртіп, ұйымшылдық және патриоттық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды алаңға айналып келеді. Қарағанды облысы командаларының табысты өнер көрсетуі өңірдегі әскери-патриоттық тәрбиенің жүйелі жолға қойылғанын және жастардың әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жетістік – облыс жастарының ғана емес, еліміздегі әскери-патриоттық қозғалыстың дамуына қосылған маңызды үлес.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

