Мектеп қаржысына қатысты дау: аудит нені анықтады, қоғам неге күмәнданады?
Қазақстандағы жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі қоғамда қызу талқылана бастады. Қаржы министрлігі жүргізген мемлекеттік аудит барысында бірқатар білім беру ұйымдарында бюджет қаражатын игеру кезінде заңбұзушылықтар анықталғаны мәлім болды. Алайда бұл қорытындыға Мәжіліс депутаттары, сарапшылар мен ата-аналар қауымы күмән келтіріп, мәселенің жан-жақты зерттелуі қажет екенін алға тартуда.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жүргізілген тексерудің негізгі нәтижелерін жариялады. Оның айтуынша, аудит барысында 24 мектепте жалпы сомасы 4 миллиард теңгеге қатысты құжаттардың заң талаптарына сәйкес рәсімделмегені анықталған. Атап айтқанда, бірқатар білім беру ұйымдары құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттамасыз қаржыландырылған.
Сонымен қатар 31 мектеп күрделі реконструкция жүргізілді деп көрсеткенімен, іс жүзінде тек ағымдағы жөндеу жұмыстарымен шектелген. Соның салдарынан шамамен 1,5 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаражаты негізсіз төленген деген қорытынды жасалды.
Ең көп талқыланған мәселе – оқушылар санының артық көрсетілуі болды. Тексеру қорытындысы бойынша 41 жекеменшік мектепте оқушылар саны 1200-ден астам балаға көбейтіліп көрсетілген.
– Оқушылар санын қолдан көбейту арқылы 261 миллион теңгенің негізсіз жұмсалу фактілері анықталды. Мәселен, Алматы облысындағы мектептердің бірінде құжат жүзінде 90 оқушы, ал Астанадағы мектепте 75 бала артық көрсетілген. Сонымен қатар бірқатар оқушының бір жыл ішінде бірнеше мектеп арасында бірнеше мәрте ауыстырылғаны тіркелді, – деді Дәурен Темірбеков.
Қаржы министрлігі сондай-ақ кейбір мектептердің жобалық сыйымдылықтан тыс балаларды қабылдап, солар үшін де жан басына шаққандағы қаржыландыру алғанын және талапқа сай келмейтін ғимараттарда жұмыс істегенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, анықталған қаражат мемлекет бюджетіне қайтарылуы тиіс.
Алайда аудит қорытындысы қоғамда бірқатар сұрақ туғызды. Парламент Мәжілісінің депутаттары заңбұзушылық анықталған мектептердің нақты тізімін жариялауды талап еткенімен, бұл ақпарат ашық айтылған жоқ.
Білім беру саласының сарапшысы, қоғам қайраткері Гүлнар Омарова мұндай жағдайлардың ақпараттық жүйелер арқылы мемлекеттік органдардың қатысуынсыз жүзеге асуы қиын екенін айтады.
– Әкімшілік ресурстың қатысуынсыз мұндай жағдайдың болуы екіталай. Өйткені әрбір оқушы Ұлттық білім беру деректер қорында тіркеледі. Кейбір өңірлерде балалар мемлекеттік мектепте оқи отырып, дәл сол уақытта жекеменшік мектептердің базасында да тіркелген жағдайлар кездескен. Ал бұл туралы ата-аналардың өздері де білмеген, – дейді Гүлнар Омарова.
Ал Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова аудит барысында анықталған кейбір мәселелерді бағалауда бірыңғай тәсілдің сақталмағанын айтады. Оның пікірінше, мектептердің жобалық сыйымдылығынан артық бала қабылдауы бүгінде мемлекеттік мектептер үшін де қалыпты тәжірибеге айналған.
– Бүгінде көптеген мемлекеттік мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. 700 орындық мектепте 1 400-2 000 оқушы білім алып жүрген жағдайлар бар. Егер дәл осындай жағдайда жекеменшік мектеп жұмыс істесе, оны заңбұзушылық ретінде бағалау – қос стандарттың көрінісі, – деді Ирина Смирнова.
Депутаттың айтуынша, көптеген жекеменшік мектептер ғимараттарды өз қаражатына салып немесе жалға алып жұмыс істейді әрі мемлекеттік мектептердегі орын тапшылығын азайтуға да үлес қосып отыр.
Ата-аналар қауымы да аудит қорытындысына қатысты нақты құқықтық баға берілуі тиіс деп есептейді. Қазақстан ата-аналар одағының мүшесі Сергей Федоренконың пікірінше, анықталған кемшіліктердің барлығы бірдей қылмыстық әрекет ретінде қарастырылмауы керек.
– Егер қаражат мектептің өз қажеттілігіне, мұғалімдердің еңбекақысына немесе балалардың жағдайын жақсартуға жұмсалса – бұл бір мәселе. Ал жеке мақсатқа пайдаланылса, онда құқықтық жауапкершілік туындайды. Сондықтан бұл жерде нақты кімнің қандай мақсат көздегенін жан-жақты анықтау қажет, – дейді Сергей Федоренко.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай білім беру саласындағы қаржыландыру жүйесінің ашықтығын одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетті. Өз кезегінде Қаржы министрлігі мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауды күшейту мақсатында барлық ақпараттық жүйелер толық цифрландырылғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, e-Qazyna платформасы енді білім беру саласының мемлекеттік деректер базаларымен толық ықпалдастырылған. Соның нәтижесінде оқушылар туралы мәліметтерді қолмен өзгерту немесе жалған ақпарат енгізу техникалық тұрғыдан мүмкін болмайды.
Бүгінде қоғамды толғандырып отырған басты мәселе – аудит қорытындысында көрсетілген заңбұзушылықтардың нақты себептері мен оған жауапты тұлғалардың анықталуы. Бұл тек бюджет қаржысының жұмсалуына ғана емес, білім беру жүйесіне деген қоғамдық сенімнің сақталуына да тікелей әсер ететін мәселе болып отыр.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

