«Қарағанды–Жезқазған» автожолының құрылысы басталды
Қазақстандағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – республикалық маңызы бар «Қарағанды–Жезқазған» автожолының құрылысына ресми түрде старт берілді. Жалпы ұзындығы 457 шақырымды құрайтын жаңа автожолдың 122 шақырымы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтеді.
Құрылыс жұмыстарының басталу рәсіміне Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбеков қатысты.
Жаңа магистраль еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін оңтүстік аймақтармен байланыстыратын маңызды көлік дәлізіне айналып, өңіраралық қатынастың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба көлік логистикасын жетілдіріп, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Құрылыс кезең-кезеңімен жүргізіледі. Дайын болған учаскелер көлік қозғалысына бүкіл жолдың толық аяқталуын күтпей-ақ біртіндеп ашылады. Жобаны толық аяқтап, автожолды пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.
Қазіргі таңда құрылысшылар аумақты дайындау, жобалау және жер жұмыстарына кірісіп кетті.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысы мен Үкіметке стратегиялық маңызы бар жобаны қолдағаны үшін алғыс білдіріп, жаңа жол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті.
Жоба жүзеге асқаннан кейін өңірлер арасындағы көлік қатынасы едәуір жақсарып, жол қозғалысының қауіпсіздігі артады, ал сапар уақыты айтарлықтай қысқарады. Көп жылдан бері күткен бұл жолдың құрылысы тұрғындар мен жүргізушілер үшін ғана емес, елдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

