Жырмен тербелген жүректер
Поэзия – адам жанының ең нәзік иірімдерін қозғайтын, уақыт пен кеңістіктің шекарасын мойындамайтын мәңгілік өнер. Ал жырды табиғат аясында, көпшілікпен бірге тыңдаудың әсері мүлде бөлек. Қарағанды қаласының Орталық саябағында өткен «Жырла, жүрек» атты ән мен жыр кеші осының жарқын дәлеліне айналды. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған рухани кеште ақындар отбасы – Ерқанат Кеңесбекұлы мен Салтанат Смағұлтегінің шығармашылығы кеңінен насихатталып, көрермен қауым поэзия мен ән өнерінің тылсым әлеміне саяхат жасады.
Жаздың жаймашуақ кешінде саябаққа жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Көпшілік үшін бұл тек мәдени шара емес, рухани тынығудың, жүрекке жақын сөз бен әуенге сусындаудың ерекше мүмкіндігіне айналды. «Tattimbet Band» ансамблінің сүйемелдеуімен шырқалған әндер мен ақындардың жүрекжарды жырлары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кештің басты ерекшелігі – поэзияны өмірлік серік еткен, шығармашылықты тағдырларымен тоғыстырған ақындар отбасының өнерін бір сахнада тоғыстыруында болды. Өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танылған Ерқанат Кеңесбекұлы мен сыршыл лирикасымен оқырман жүрегінен орын алған Салтанат Смағұлтегінің шығармашылығы бір-бірін толықтырып, рухани үндестіктің жарқын үлгісін көрсетті.
Ерқанат Кеңесбекұлы, әдеби ортаға Керімсал Кеңесбекұлы деген есіммен танылған ақын, 1986 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Кеңесбек ұзақ жылдар ауыл басшысы қызметін атқарса, анасы Төлеу Жұмәділқызы кітапханашы болған. Болашақ ақынның әдебиетке деген құштарлығы мен рухани әлемінің қалыптасуына отбасындағы осы орта ерекше ықпал етті.
Білім жолында да үздіктер қатарынан көрінген Ерқанат мектеп қабырғасында-ақ әдебиетке бейімділігін байқатып, республикалық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша алтын медаль иеленді. Кейін академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, еңбек жолын шығармашылық ортада бастады. Ол әр жылдары «Астана» журналы, «Астана ақшамы» газеті, 7-арна, «Астана» телеарнасы мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қызмет атқарып, журналистика мен әдебиетті қатар алып жүрді.
Ерқанат Кеңесбекұлы – халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Оның шығармалары оқырманды өткір ойымен, азаматтық ұстанымымен және терең философиялық астарымен баурайды.
Қазақ балалар әдебиетінің классигі, халық жазушысы Мұзафар Әлімбай ақын шығармашылығына жоғары баға беріп:
– Ерқанаттың өлеңдерінен тілдің тынысын терең сезінетін талантты қаламгерді көреміз. Оның ұйқасы шымыр, ырғаққа ұқыпты, ойы өткір, – деген еді.
Расында да, ақынның шығармаларынан азаматтық үн мен өмір философиясы қатар өріліп жатады. Оның поэзиясы – заман мен адам тағдыры туралы толғаныс.
Кештің тағы бір басты кейіпкері – ақын Салтанат Смағұлтегі. Ол 1982 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Жастайынан поэзияға ден қойған ақын түрлі деңгейдегі мүшәйраларда топ жарып, әдеби ортада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.
Салтанат Смағұлтегі 2005 жылы өткен облыстық «Арулар поэзия патшалығында» мүшәйрасының бас жүлдесін иеленсе, 2007 жылы Қасым Аманжолов атындағы облыстық ақындар мүшәйрасында топ жарды. Ал 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасында бірінші орынды жеңіп алды.
Ақынның шығармалары облыстық, республикалық басылымдар мен әдеби порталдарда тұрақты жарияланып келеді. 2013 жылы оның «Жанарымдағы жазулар» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көріп, оқырман қауымның жылы ықыласына ие болды. Сол жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақынның шығармашылық кеші ұйымдастырылды.
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанған Салтанат Смағұлтегі бүгінде педагогика ғылымдарының магистрі ретінде академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде аға оқытушы қызметін атқарып келеді. Оның поэзиясы нәзік лиризммен, әйел жанының терең иірімдерін бейнелеуімен ерекшеленеді.
Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы мұндай рухани кештердің маңыздылығына тоқталып:
– Қазіргі ақпарат тасқыны дәуірінде поэзия кештерінің ұйымдастырылуы – рухани құндылықтардың өміршеңдігін көрсетеді. Ең бастысы – халық жыр тыңдап, рухани нәр алып қайтты, – деді.
Кешке Астанадан ақындар Олжас Сәндібек пен Асантемір Қаршыға, Павлодар өңірінен ақын Өзгеріс Қуанар арнайы қатысып, өз шығармаларын оқыды. Бұл әдеби кештің өңіраралық шығармашылық байланысты нығайтуға да ықпал еткені анық.
Кеш соңында саябаққа жай ғана серуендеуге келген тұрғындардың өзі ерекше әсермен тарқасты. Бірі сүйікті ақындарының жырларын тыңдап, бірі әуезді әнге елітсе, енді бірі поэзияның мәңгілік құдіретіне тағы бір мәрте көз жеткізді. Арқа төсіндегі жазғы ақшамда өткен бұл рухани кездесу жиналған жұрттың жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Өйткені, поэзия – уақыттан биік, ал жүрекке жеткен жыр – мәңгілік.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

