Алғашқы жұмыс орны – үлкен тәжірибенің бастауы
Жастарды жұмыспен қамту және олардың еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау – бүгінгі күннің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Жастар практикасы» және «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламалары жас мамандарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік беруде.
Осындай бағдарламаларды белсенді жүзеге асырып отырған мекемелердің бірі – Zertte Hub ғылыми-білім беру орталығы. Орталық қазіргі таңда Еңбек мобильділігі орталығымен тығыз ынтымақтастық орнатып, жастар практикасы мен қоғамдық жұмыстар аясында жұмыс орындарын ұсынып келеді. Zertte Hub – ғылым мен білімді ұштастыратын, қазақ тілінде білім беретін инновациялық орталықтардың бірі. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге робототехника, бағдарламалау, ғылыми үйірмелер, арт-терапия, гидропоника және мектепалды даярлық бағыттары бойынша білім беріледі. Сонымен қатар мемлекеттік ваучерлер арқылы 4 пен 17 жас аралығындағы балалар оқу.kz платформасы арқылы тегін үйірмелерге қатыса алады. Орталық жетекшісі Арайлым Серікбайдың айтуынша, жастар практикасы – жоғары оқу орнын немесе колледжді жаңа тәмамдаған түлектер үшін өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастауға берілетін үлкен мүмкіндік.
– Біздің орталықта жастар практикасы арқылы келген жас мамандар өздерінің кәсіби білімдерін тәжірибемен ұштастырып, балалармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады. Бұл олардың болашақтағы тұрақты жұмысына жол ашатын маңызды кезең. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстар бағдарламасы аясында да мамандар еңбек етіп, тәжірибе жинақтауда. Осындай ынтымақтастық жастардың кәсіби дамуына оң әсерін тигізеді, – дейді Арайлым Серікбай.
Жастар практикасына қатысып жүрген мамандар да бұл бағдарламаның берері мол екенін айтады. 22 жастағы Ерхулан Оспанхан қазіргі таңда Zertte Hub орталығында жастар практикасы бағдарламасы арқылы еңбек етуде.
– Балаларға түрлі үйірмелер өткізіп, олардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін дамытуға атсалысып жүрмін. Өз мамандығым бойынша тәжірибе жинап, ұжыммен бірге жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерудемін. Бұл бағдарлама мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды, – дейді ол.
Айта кетейік, жастар практикасы бағдарламасы еңбек өтілі жоқ жас мамандардың алғашқы жұмыс тәжірибесін қалыптастырып, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Ал қоғамдық жұмыстар бағдарламасы уақытша жұмыспен қамтып қана қоймай, еңбек нарығына бейімделуге және кәсіби дағдыларды жетілдіруге ықпал етеді. Осындай мемлекеттік қолдау тетіктері жастардың еңбекке араласуына, тәжірибе жинауына және болашаққа сенімді қадам жасауына берік негіз қалыптастыруда.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

