Тарих пен тағдыр тоғысқан туынды
Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайының «Сарыжайлау» кинозалында қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» толықметражды көркем фильмінің арнайы көрсетілімі өтті. Отандық кино өнеріндегі айтулы туындылардың бірі саналатын картина көрермен қауымға ХХ ғасырдың соңындағы тарихи өзгерістер кезеңін қарапайым адамның тағдыры арқылы көрсетуімен ерекшеленеді.
Фильмде өткен ғасырдың 90-жылдарының басындағы ел өміріндегі күрделі өзгерістер, жекешелендіру науқанының ауыл тұрғындарының тұрмысына тигізген әсері және қарапайым шопан Әбілдің өмір жолы суреттеледі. Картинада қоғамдағы саяси-экономикалық өзгерістердің адам тағдырына әсері шынайы әрі әсерлі бейнеленген. «Әбіл» фильмі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен және Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының қатысуымен түсірілген. Картинаның қоюшы-режиссері әрі сценарий авторы – Елзат Ескендір. Авторлық кино жанрындағы бұл туынды көркемдік шешімімен және көтерген тақырыбының өзектілігімен халықаралық кино мамандарының жоғары бағасына ие болды.
Фильмнің әлемдік тұсаукесері 2024 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Пусан халықаралық кинофестивалінің New Currents бағдарламасы аясында өтті. Кейін картина Азия мен Еуропаның беделді халықаралық кинофестивальдерінде көрсетіліп, көптеген марапатқа ие болды. Жалпы, фильм оннан астам халықаралық кинофорумның бағдарламасына қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанды.
Атап айтқанда, Францияда өткен Vesoul International Film Festival of Asian Cinemas фестивалінде картина бірден үш бірдей марапатты – Бас жүлдені, қазылар алқасының арнайы жүлдесін және киносыншылар сыйлығын иеленді. Сонымен қатар, фильм Бішкек халықаралық кинофестивалінде «Үздік актер», Da Nang Asian Film Festival фестивалінде «Үздік әйел рөлі», Silk Road International Film Festival аясында «Үздік ер рөлі» аталымдары бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Dhaka International Film Festival фестивалінде «Үздік ер рөлі» мен «Үздік операторлық жұмыс» номинациялары бойынша марапатталса, Франциядағы 17-UniverCine Nantes Film Festival фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесі мен көрермендер көзайымы сыйлығына ие болды. Бұдан бөлек, фильм Мюнхен және Гетеборг халықаралық кинофестивальдерінің бағдарламаларына қатысып, халықаралық кино қауымдастығының назарын аударды.
Картинадағы басты кейіпкер – Әбілдің рөлін белгілі дәстүрлі әнші, композитор, публицист және өнертанушы Ерлан Төлеутай сомдаған. Оның актерлік шеберлігі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, бірнеше кинофестивальде «Үздік актер» аталымы бойынша марапаттарға ие болды. Кейіпкердің ішкі жан дүниесін, заман ауыртпалығын және адамдық болмысын шынайы жеткізе білген өнер иесінің ойыны көрермендер мен кино сыншыларының оң бағасын алды.
Арқа жұртында өткен көрсетілім де киносүйер қауымның ерекше қызығушылығын тудырды. Көрермен тарихи кезеңді терең пайымдап, ұлттық киноның жаңа белесіне айналған туындының көркемдік ерекшелігіне жоғары баға берді. «Әбіл» фильмі – белгілі бір дәуірдің шежіресін ғана емес, сол кезеңдегі қарапайым адамның жан әлемі мен тағдырын бейнелеген тағылымды туынды ретінде отандық кинематография тарихында өз орнын алмақ.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

