Ұлы даланың үні Қарағандыда жаңғырады
Қарағандыда Ұлттық домбыра күніне арналған «Ұлы дала үні» атты ауқымды мәдени мерекеге дайындық жүріп жатыр. 5 шілде күні қаланың Орталық саябағы ұлттық өнерді ұлықтайтын, дәстүрлі музыка мен күй өнерінің жанашырларын тоғыстыратын үлкен сахнаға айналады.
Мерекелік бағдарлама түскі сағат 12:00-де басталады. Көрермендерге Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің, «Назқоңыр» ансамблінің орындауындағы ұлттық музыкалық шығармалар ұсынылады. Сонымен қатар республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпаздары Мақсат Аханов, Дидар Қами және Нұрмұхамед Байсүгіровтің қатысуымен өтетін айтыс өнерсүйер қауымға ерекше тарту болмақ.
Күндізгі бағдарламаның басты қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Еңсепов. Белгілі күйші Қарағандының жас домбырашыларымен бірге сахнаға шығып, көрерменге ерекше шығармашылық кеш сыйлайды.
Мереке кешкі 19:00-де гала-концертпен жалғасады. Бағдарламада домбыра мен қобыздың дәстүрлі әуендері заманауи аранжировкамен үндесіп, ұлттық өнердің жаңа қырын паш етпек.
Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылатын «Ұлы дала үні» мерекесіне қала тұрғындары мен қонақтары шақырылады. Ұйымдастырушылар бұл кештің қазақтың күй өнері мен ұлттық мәдениетін дәріптейтін тағылымы мол мерекеге айналатынына сенім білдіреді.
Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

