Оңалту құралдарының қолжетімділігі артады

Қарағанды облысында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа бастамалар қолға алынуда. Өңірде оңалтудың техникалық құралдарын қайтару механизмін пилоттық режимде енгізу, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін бақылаудың жаңа тетіктерін іске қосу және цифрлық сервистерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Брифинг барысында мамандар техникалық оңалту құралдарын қайтару механизмі, жаңа Құрылыс кодексі аясындағы өзгерістер және мүгедектігі бар адамдарға арналған қолжетімділіктің интерактивті картасының мүмкіндіктері туралы жан-жақты баяндады.

Биыл елімізде Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығының базасында техникалық оңалту құралдарын қайтару механизмін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Жоба аясында Қарағанды облысы да қамтылып отыр.

Бұл механизм мәжбүрлі сипатқа ие емес және азаматтарға арналған ерікті әлеуметтік қолдау шарасы ретінде қарастырылады. Оның басты мақсаты – техникалық оңалту құралдарының қолжетімділігін арттыру, оларды алу мерзімін қысқарту және мүгедектігі бар азаматтарды қажетті құралдармен үздіксіз қамтамасыз ету.

Әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Айнұр Әділбекованың айтуынша, жаңа тетік техникалық құралдардың тиімді пайдаланылуына мүмкіндік береді.

– Техникалық оңалту құралдарын қайтару механизмі ең алдымен азаматтардың қажетті құралдарға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Егер пайдаланушының қолындағы техникалық құрал бұзылып немесе жарамсыз болып қалса, қайтару қорында баламалы құрал болған жағдайда оны белгіленген тәртіппен ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Бұл жүйе техникалық құралдарды алу мерзімін қысқартып, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді, – деді Айнұр Әділбекова.

Жаңа механизм аясында жекелеген техникалық оңалту құралдарын қайтарғаннан кейін қайта пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Алайда жеке гигиеналық және тек жеке пайдалануға арналған бұйымдар, соның ішінде протездік-ортопедиялық құралдар, жаялықтар және осыған ұқсас заттар қайта пайдалануға жатпайды. Мамандардың айтуынша, қайтарылған құралдар қайта берілмес бұрын міндетті түрде техникалық тексеруден, санитарлық өңдеуден және қажет болған жағдайда жөндеуден өткізіледі. Тек содан кейін ғана олар басқа мұқтаж азаматтарға ұсынылады.

Брифинг барысында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексіне енгізілген өзгерістер туралы да айтылды. Жаңа кодекс құрылыс саласындағы ашықтықты, қауіпсіздікті және жауапкершілікті арттыруды көздейді. Соған сәйкес, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне халықтың аз қозғалатын топтары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бөлігінде сәйкестік туралы декларацияға қол қою құқығы беріледі.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Татьяна Синнің айтуынша, бұл өзгерістер мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыруға оң әсер етеді.

– Сәйкестік туралы декларация – салынған объектінің қолданыстағы заңнама мен құрылыс нормаларына толық сәйкес келетінін растайтын маңызды құжат. Оның ішінде нысанның мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді болуы да міндетті талаптардың бірі. Бұл әрбір азаматтың денсаулық жағдайына қарамастан әлеуметтік маңызы бар нысандарға кедергісіз қол жеткізуіне мүмкіндік береді, – деді Татьяна Син.

Мамандардың пікірінше, әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Нәтижесінде азаматтар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мекемелеріне, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті еш кедергісіз пайдалана алады.

Брифингте цифрлық технологияларды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталының мүмкіндіктері таныстырылды.

Аталған порталдағы «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» бөлімі азаматтарға қажетті нысандардың қолжетімділігі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Карта арқылы пайдаланушылар өздерінің физикалық ерекшеліктерін ескере отырып, қандай мекемелерге кедергісіз бара алатынын алдын ала анықтай алады.

Интерактивті карта әлеуметтік нысандарға баруды жоспарлауға, қолжетімді объектілерді таңдауға және азаматтардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне толыққанды араласуына және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Жалпы, Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар мен цифрлық шешімдер мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауға, олардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»