Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың жаңа тетіктері енгізіледі
Қазақстанда азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жаңа басқару тетіктері ұсынылды. Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген жоспар бағаны тұрақтандыру жүйесін жетілдіруге және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жоспардағы негізгі жаңалықтардың бірі – барлық тұрақтандыру тетіктерінің жұмысын үйлестіретін бірыңғай операторды енгізу. Ол баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған құралдарды бір орталықтан басқарып, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуі тиіс.
Сондай-ақ ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушіден тікелей сатып алуға мүмкіндік беретін цифрлық платформа іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жүйе делдалдар санын азайтып, өнімді егіс алқаптары мен қоймалардан тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауын тежеуге ықпал етеді деп күтілуде.
Жоспарда бағаны тұрақтандыру саласындағы өкілеттіктерді Ауыл шаруашылығы министрлігінен Сауда және интеграция министрлігіне беру де қарастырылған. Бұл шешім барлық реттеу тетігін бір ведомствоның құзыретіне шоғырландырып, басқару тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар елімізде азық-түлік өндірісі мен тұтыну көлемінің индикативтік балансы енгізілмек. Бұл құрал нарықтағы ықтимал тапшылықты алдын ала анықтап, қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Министрлік жаңа тәсілдер маусымдық баға ауытқуын төмендетіп, ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді деп күтуде. Ендігі міндет – ұсынылған бастамаларды тиімді іске асырып, олардың нақты нәтижесін халық күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасынан көрсету.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

