Тазымен танысқан балалар

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында ерекше танымдық кездесу өтті. Жас оқырмандар қазақ халқының жеті қазынасының бірі саналатын тазы тұқымымен жақыннан танысып, ұлттық мұра туралы мол мағлұмат алды. Іс-шараның басты қонағы – Фурия есімді алтын түстес құмай тазы болды.

«Осы жазғы маусымда біз балалар үшін қызықты, танымдық, ерекше әрі бірегей алаңдар ұйымдастыруға тырысамыз. Балалар қандай да бір ойын немесе танысу арқылы кітапханаға келсе дейміз. Бүгін біз оларды қазақтың аңшы ит тұқымы – тазымен қауыштырып отырмыз», – дейді Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Марина Подгайнова.

Кездесу барысында балалар тазының тарихы, оның көшпенділер өміріндегі орны мен қазақ мәдениетіндегі маңызы туралы деректі фильм үзіндісін тамашалады. Мамандардың айтуынша, тазы – жай ғана аңшы ит емес, ол ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен және дүниетанымымен біте қайнасқан құндылық.

Фурия балалармен тез тіл табысып, бүлдіршіндердің ерекше ықыласына бөленді. Олар тазыны сипап, онымен суретке түсіп, ұлттық мұраның бір бөлшегін жақыннан сезінді.

«Ол балаларды өте жақсы көреді, олармен ойнағанды ұнатады. Балаларға әрдайым дос көңіл танытады, өмірінде ешқашан адамға агрессия көрсеткен емес», – дейді тазының иесі Мария Желязо.

Бағдарлама аясында «Тазы – ұлттық қазына» тақырыбында викторина ұйымдастырылып, белсенді қатысқан бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар табысталды.

«Ең бастысы – балалардың санасына бұл тұқымның құнды екенін, оның қазақ мәдениетіне тікелей қатысы бар екенін жеткізу. Біз ұлттық мұрамыз туралы міндетті түрде айтуымыз керек», – дейді Марина Подгайнова.

Танымдық шара жас оқырмандарға қазақ даласының тірі аңызы – тазыны жақыннан танып қана қоймай, халқымыздың мәдени мұрасы мен ұлттық болмысына деген құрметті терең сезінуге мүмкіндік берді.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»