Медицинадағы жаңа бақылау жүйесі
Қазақстанда күрделі диагноздарды қайта тексеретін медициналық референс-орталықтар құрылады. Бұл туралы Мәжіліс тиісті заңнамалық түзетулерді қабылдады. Енді жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін жетекші ұйымдардың базасында арнайы қызметтер жұмыс істеп, еліміздің кез келген өңірінен жіберілген күрделі жағдайларды қайта қарап, диагнозды нақтылауға мүмкіндік алады.
«Бұл орталықтар жай ғана тексеріп қоймайды, бүкіл ел бойынша емдеу хаттамаларының бірізділігін және зертханалардың сапасын бақылайды. Бұл медициналық қателіктерді барынша азайтуға мүмкіндік береді және ең ауыр ауруларды дәл анықтау әлеуетін кеңейтеді», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Сарапшылардың пікірінше, бастама диагностикалық қателіктерді азайтып қана қоймай, дәрігерлер арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуды күшейтуге де ықпал етеді. Олар мұны телемедицина немесе дәрігерлік консилиумдардың қайталануы емес, күрделі жағдайларда қосымша сараптамалық қолдау көрсететін маңызды құрал деп бағалап отыр.
«Кез келген дәрігерге кеңес қажет. Тіпті шұғыл жағдайларда да ақылдасып, кеңесетін мүмкіндік болса, бұл өте тамаша. Өйткені ешбір дәрігер қателіктен толық сақтандырылмаған», – дейді профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин.
Мамандардың айтуынша, референс-орталықтардың жұмысына халықаралық сарапшыларды тарту сирек кездесетін әрі бұрын анықталмаған ауруларды диагностикалауға да мүмкіндік береді. Алайда олар мұндай орталықтардың қорытындысы болғанымен, науқасты емдеудегі негізгі жауапкершілік бәрібір емдеуші дәрігердің мойнында қалатынын ескертеді.
«Бүгінгі таңда дәрігер толықтай әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікті мойнына алады. Сондықтан біздің дәрігерлер тығырыққа тірелген. Кез келген бастама қатаң жазаланса, бұл саланың дамуына кедергі келтіреді», – дейді балалар неврологы, қоғам қайраткері Қайырғали Көнеев.
Сарапшылардың пайымынша, медициналық референс-орталықтар құру отандық денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен бастаманың толыққанды тиімді болуы үшін дәрігерлердің құқықтық қорғалуын күшейтіп, қолданыстағы заңнаманы жаңа талаптарға бейімдеу қажет.
Фото Александра Марченко
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

