Қарбыз маусымы: тәтті өнім бе, әлде денсаулыққа қауіп пе?
Қарағанды базарларында қарбыз маусымы ерте басталды. Бағасының қымбаттығына қарамастан, тұрғындар жолақты жидекті жаппай сатып алып жатыр. Бүгінде қарбыздың бөлшек саудадағы бағасы келісіне 200-220 теңгені құраса, супермаркеттерде бұдан да жоғары бағада сатылуда.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда сауда орындарында негізінен Шардара мен Өзбекстаннан жеткізілген өнімдер ұсынылуда. Ал Жамбыл облысы, Шу өңірі мен Қызылорда облысының қарбыздары нарыққа шілденің екінші жартысында шыға бастайды.
«Қазақстандық қарбыз маусымы ең алдымен еліміздің ең оңтүстігіндегі Шардарадан басталады. Одан кейін Жетісай өңірінің өнімі келеді. Ал Шардара қарбызы шыққанға дейін сауда орындарына қарбыз негізінен Өзбекстаннан жеткізіледі», – дейді кәсіпкер Тельман Бадыршаев.
Сатушылар піскен қарбызды таңдаудың өзіндік белгілері бар екенін айтады. Жаңғырыққан дыбыс, қабығындағы сары дақ және салмағының өз көлеміне сай ауыр болуы – оның піскен әрі шырынды екенін білдіреді.
«Егер қарбызды қаққанда өзіне тән жаңғырыққан дыбыс шықпаса, оны алмаймыз. Ең алдымен оның балғындығына назар аудару керек. Қарбыздың қабығындағы сары дақ оның күннің астында жатқандығының белгісі», – дейді сатушы Жауқазын Ахметқалиқызы.
Алайда ерте піскен қарбыздарға қатысты тұрғындардың алаңдаушылығы да жоқ емес. Кейбір өндірушілер өнімнің тез өсуін қамтамасыз ету үшін тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдануы мүмкін. Мамандардың айтуынша, нитрат мөлшерінің жоғары болуы, әсіресе балалар ағзасына кері әсер етіп, ауыр улануға себеп болуы ықтимал.
«Бүгінгі таңда облыс аумағында қарбыздан жаппай улану фактілері тіркелген жоқ. Дегенмен қарбыз ылғалды және тыңайтқыштарды тез сіңіретін дақылдардың бірі болғандықтан, оны тұтынғанда сақтық шараларын ұстану қажет», – дейді Қарағанды облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлжанат Аханова.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері тұрғындарға бірнеше қарапайым ережені сақтауға кеңес береді. Ең алдымен, қарбызды тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алу қажет. Жарылған, кесілген немесе жерге қойылып сатылып жатқан өнімдерді алмау ұсынылады. Қарбызды тұтынар алдында ағын сумен мұқият жуып, кесілген өнімді ұзақ уақыт бөлме температурасында сақтамаған жөн. Сондай-ақ нитраттар көбіне қабыққа жақын бөлікте жиналатындықтан, қарбыздың ақшыл қабатына дейін жемеу ұсынылады.
Мамандардың айтуынша, асқазан-ішек жолдарының бұзылуына көбіне нитраттар емес, дұрыс жуылмаған өнім мен жеке бас гигиенасының сақталмауы себеп болады. Сондықтан қарбыздың дәміне ғана емес, оның қауіпсіздігіне де мән берген жөн. Әсіресе балаларға қарбызды аз мөлшерден бастап беріп, ағзаның реакциясын бақылау қажет.
Осылайша, жаздың сүйікті жемісінің маусымы басталғанымен, мамандар қарбыз таңдауда асығыстық танытпай, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

