ПЕРІШТЕ АЛТЫНДЫ ҚАЙТСІН?

Мақал-мәтел – халық даналығы. «Халық айтса, қалт айтпайды». Еуропа әлдеқандай қылатын афоризм – осы біздің мақал. Мақалда ұшқыр ой мен даналық және дәлме-дәл логика жатыр. Сөз арасына мақал қосқанды құп көретін ұлтпыз. Кейбір сөздің мағынасын білмесек те, ел айтып жүрген соң, жөн-жосықсыз тықпалай беретін болдық. Мақалдың дұрыс-бұрысын зерттеп жүрген біз жоқ. Халықтың айтқанының бәрі жөн дейміз де қоямыз. «Мақалға сын жүрмейді» деген түсінік те қалыптасып үлгерді. Меніңше, екшеп, сұрыптайтын кез келді. Дегенмен сұрыпталған. Бірақ халық санасына жетіп үлгерген жоқ.

Халық – белгілі бір ақпаратты жеткізуші орта. Ол халық ақпаратты тиісінше келесі ортаға табыстайды. Бірақ мәселе сол ақпаратты жаңа ортаның қалай қабылдайтынында. Әрқайсысы өзінше түйсініп, қорытынды жасайды. Мақалдың тағдыры да сондай.

«Мақал деген қайдан шыққан, тарихы қандай?» деп бір сәтке болсын ойлап көрдік пе? Бұл құбылысқа зерттеу жүргізгендер бар ма? Әрине, әр дүниенің тамыры бар. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттерімен тілдескені. Кеңесте мақал туралы әңгіме қозғалады. Қожа Ахмет Яссауи: –«Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) миғражға көтерілген сапарында Алламен дидарласып, тілдескен екен. Сол кездесуде тоқсан тоғыз мың түрлі сөз айтылыпты. Оның отыз үш мыңы шафриғат, отыз үш мыңы тариқат, отыз үш мыңы хақиқат екен. Мұнша көп сөз бір кітапқа сыймаған. Сол себепті халық арасына кеңінен таралмапты. Сендер бүгін осы жерде әрқайсысың бір ауыз аталы сөзден айтыңдар. Мағынасы Құран аяты мен пайғамбар (с.ғ.с.) хадисімен үндесіп жатсын. Бұл асыл сөздер кейінгі ұрпаққа жәдігер болып қаларлық болсын. Сендердің сөздерің миғраждағы сұхбаттың көлеңкесі сияқты боп, жұрт аузында қалсын. «Мақал» деп айтылатын сөз болсын, – дейді. Шәкірттері бірінен соң бірі аталы сөз айтып, кейіннен халық арасында мақал болып қалыптасып қалған. «Терең – батырады, көп – қорқытады» мақалы да әңгіме етіледі. Шәкірттерінің бірі сөзден тосылып қалады. Сонда өзге шәкірттері:

– Егер жанымызда жүрген қуыс кеуде болатын болса, мұны ертіп не қыламыз? Қол-аяғын байлап суға тастайық, – деп оған жабыла кетеді. Сонда қорқып кеткен ол:

– Ей, Алла, терең – батырып, көп – қорқытады екен-ау. Өзің құтқар, – деп шыңғырып жібереді.

Құрдастары:

– Болды, босатайық. Бұл да бір ғибратты сөз айтты,

– деген екен.

Бұл мысал мақалдың жайдан-жай туа салмағанына кепілдік береді.Енді мәтел деген де бар. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мақал да – тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан гөрі мақал маңызы шын келеді. Мәтел дегеніміз – кесегімен

айтылатын белгілі бір сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады».

Мақал-мәтелдерді әріден алуға болады. Мысалы, Орхон жазбаларында «Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» («Күлтегін» жырынан), «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөк» жырынан) деген мақал-мәтелдер бар. Ал Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік»

сөздігінен «Ұлық болсаң – кішік бол, халық үшін бәлік бол», ал «Құтадғу біліктен» «Біліп сөйлеген білекке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр» дейтін мақал-мәтелдерді кездестіреміз.

Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан. Жиырма тоғызыншы қара сөзінде Абай қазақ мақал-мәтелдері жайлы былай дейді: «Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргенің құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен малтап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес.

Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек, ол – арлы адамның ісі.«Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген – ең барып тұрған Құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны. «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар? Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, Құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек».Абай келтірген мақалдарды сөз арасында қолданып жүрміз. Бірақ сол мақалға еш ден қоймаған екенбіз. Мақалды халық даналығы дегенмен, ол да қателеседі. Қандай жағдайды да Абайдан бастайтынымыз бар. Ол әр нәрсеге өзінше ой түйіп, пайым жасаған. Шынымен, періштеге алтынның не керегі бар? Періште деген – мінсіздік. Адамға тән қасиет емес. Алтын көрсе, пенде ғана жолдан таяды. Тек періште емес. Жолдан таятын болса, періштелігінен не қалды десеңізші?!Абаймен сусындаған Жұмекеннің «Алтын көрсе, періште…» деген өлеңі бар. Жиырма тоғызыншы сөздің поэзиялық нұсқасы.

Сонда мынадай жолдар бар:

«Періште кім жол шегер,

Тайғақ дейді аяғы –

Шын періште болса егер,

Жолдан неге таяды?!

Бұзғаны да Алла алдында о да антын,

Ақ пейілдің тартқаны да қаралтым,

Періштені, шынымен,

Қызықтырса сары алтын

Ауруына алтын – ем,

Құлқын құлы ғой надан.

Артист шығар, бәлкім, ол

Періште боп ойнаған

Пиғылы арам әрі ақылы қысқарақ?!

Періштені таяды деп кім айтты,

Кім айтса да, суайтты

Сабау керек еді әу баста ұстап ап!».

Және біреуді (адамды) періштеге теңеу деген – ақымақтық. Сәбиді періште демесең, қалғаны далбаса. Сондықтан мейлі мақал болсын, мейлі ұлы шығарма болсын қателеседі. Халықтың да қалт айтатын кезі болады.

Ерболат ҚУАТБЕК,

«QH»