«Жастарға жұмыс» жобасы: қарағандылық маманның табыс тарихы

Қарағанды қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен қоғамдық бастамалар жас буынның еңбек нарығында өз орнын табуына септігін тигізуде. Солардың бірі – «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Жастарға жұмыс» жобасы. Аталған жоба аясында тұрақты жұмысқа орналасқан жас маман, IT-инженер Дархан Ахмедияновпен сұхбаттасқан едік.

– Дархан, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қай мамандық бойынша білім алдыңыз?

– Мен 2025 жылы колледжді ақпараттық технологиялар (IT) мамандығы бойынша тәмамдадым. Оқу барысында-ақ өз саламның қыр-сырын танып, болашақта осы бағытта кәсіби түрде дамуды мақсат еттім. Дипломды қолға алған соң, еңбек жолымды бастау үшін бірден жұмыс іздеуге кірістім.

– Оқу орнын бітіргеннен кейін жұмыс табу қиынға соққан жоқ па?

– Жасыратыны жоқ, бастапқыда белгілі бір қиындықтар болды. Қазіргі таңда жұмыс берушілердің көбі дайын, тәжірибесі бар мамандарды іздейді. Ал кеше ғана оқу орнын бітірген түлектер үшін тәжірибенің аздығы үлкен кедергі. Дегенмен мен салымды суға жібермей, бос жұмыс орындарын үздіксіз қарап, өз мүмкіндіктерімді бағалаумен болдым.

– «Жастарға жұмыс» жобасы туралы қалай білдіңіз?

– Бұл жоба жайлы әлеуметтік желілердегі жастарға арналған ақпараттық парақшалардан оқыдым. Кейін жоба аясында арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтетінін естіп, бағымды сынап көруге шешім қабылдадым. Өйткені мұндай шаралар – жұмыс берушімен тікелей кездесіп, түйіндемеңді ұсынуға және өзіңді көрсетуге таптырмас мүмкіндік.

– Бұл жәрмеңке өміріңізге қандай өзгеріс әкелді?

– Ең бастысы – мен өзім армандаған жұмысты таптым. Жәрмеңкеде бірнеше мекеменің өкілдерімен тілдесіп, білімім мен дағдыларым туралы айтып бердім. Нәтижесінде маған IT-маман лауазымы бойынша ұсыныс түсіп, жұмысқа орналастым. Қазір тұрақты қызметтемін, күн сайын кәсіби тәжірибе жинақтап жатырмын.

– Қазіргі атқарып жатқан қызметіңіз туралы айтып берсеңіз.

– Мен қазір ақпараттық технологиялар саласында еңбек етемін. Күнделікті міндетіме цифрлық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және техникалық қолдау көрсету кіреді. IT саласы секунд сайын дамып жатқандықтан, маман ретінде тоқтап қалмай, жаңа бағдарламаларды меңгеріп, үздіксіз оқып-үйренуге тырысамын.

– Жас маман ретінде алғаш жұмысқа кіріскенде қандай сезімде болдыңыз?

– Әрине, алғашқы күндері жауапкершіліктің жүгі ауыр болды. Колледжде алған теориялық білімді іс жүзінде қолдану оңай емес. Бірақ ұжымдағы әріптестерімнің көмегі мен басшылықтың маған артқан сенімі серпін берді. Бірте-бірте жұмыс ырғағына бейімделіп, өзімді сенімді сезіне бастадым.

– Сіздің ойыңызша, Қарағандыда жастарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Меніңше, бұл бағыттағы жұмыстар аймақта жақсы жолға қойылған. Қалада жастарды қолдауға арналған бағдарламалар жеткілікті. Түрлі жәрмеңкелер мен мемлекеттік жобалар – соның айқын дәлелі. Ең бастысы – жастардың өзінде ынта мен талпыныс болуы керек. Мүмкіндік бар, тек соны дер кезінде пайдалана білу қажет.

– «Жастарға жұмыс» жобасының басты ерекшелігі неде?

– Бұл жоба – жұмыс іздеуші жастар мен жұмыс берушілер арасындағы алтын көпір. Көп жағдайда жастар диплом алған соң қайда барарын, бос орындарды қайдан іздерін білмей абдырап қалады. Ал бұл жоба сол мәселенің түйінін тарқатып, екі тараптың тікелей байланыс орнатуына жағдай жасайды.

– Замандастарыңызға, жұмыс іздеп жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, өз мамандығыңның хас шебері болуға ұмтылу керек. Жаңа білім алудан қорықпау қажет. Қазіргі еңбек нарығында бәсекелестік өте жоғары, сондықтан тоқтаусыз даму маңызды. Түрлі жобалар мен жәрмеңкелерге белсенді қатысыңыздар, сонда сәттілік те көп күттірмейді.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Өз саламда тәжірибемді арттырып, кәсіби деңгейімді жоғарылатқым келеді. IT саласындағы соны технологияларды меңгеріп, елімізге пайдасы тиетін білікті маман болсам деймін. Сондай-ақ, жастарға арналған осындай тиімді жобалардың қатары көбейе берсе екен. Себебі бұл жүздеген жастың қанат қағуына көмектесіп жатыр.

– Тұщымды әңгімеңізге рақмет, Дархан! Кәсіби биіктерден көріне беріңіз!

– Сіздерге де рақмет. Осындай жобалар туралы ақпарат көбірек таралып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашыла берсін!

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»