«Таза Қазақстан»: Саран жастары су қоймасының жағалауын тазартты

Саран қаласының жүзге жуық жасы, еріктілер мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары бөгет маңындағы су қоймасының аумағында экологиялық сенбілік өткізді. Олар жағалау бойын қоқыстан тазартып, тұрғындардың демалыс аймағын ретке келтірді.

Экологиялық акцияның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғам назарын аудару және еріктілік қызметті насихаттау.

Саран қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Айым Қанапиянованың айтуынша, табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

— Қоршаған ортаның тазалығы мен экологиялық қауіпсіздік – баршамызға ортақ жауапкершілік. Мұндай іс-шаралар табиғатты сақтауға ғана емес, жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, туған жерге деген жанашырлық пен ұқыпты көзқарасын қалыптастыруға да ықпал етеді, — деді ол.

Акцияға қатысушылардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде су қоймасы жағалауы едәуір тазарып, демалыс аймағының келбеті жақсарды. Осындай игі бастамалар жастарды маңызды қоғамдық жобалар төңірегіне топтастырып, табиғатқа қамқорлық әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын тағы бір мәрте еске салады.

Мұндай шаралардың маңызын арттырып отырған бастамалардың бірі – жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бағдарламасы.

Бағдарлама экологиялық мәдениетті дамытуға, тұрғындарды қоғамдық пайдалы жұмыстарға кеңінен тартуға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.

 

«Таза Қазақстан»: Саран жастары су қоймасының жағалауын тазартты