Заң үстемдігін қамтамасыз етеміз

Қазақстан Республикасы құрылған сәттен бастап әділет органдары әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарының үстемдігін, Қазақстан Республикасының егемендігін, қазақстандық қоғам мен мемлекеттің тұрақты және үдемелі дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық заңнаманы қалыптастыруға атсалысып келеді. Қарағанды облысы Әділет департаментінің басшысы ТИМУР ҚУАТҰЛЫ ЕРМАҒАМБЕТОВПЕН аталған салада жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында сұхбаттастық.

– Тимур Қуатұлы, әділет органдары нотариат саласындағы қызметті реттейтіні анық. Осы салада жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толығырақ айтып берсеңіз, заңнамада қандай өзгерістер болды?

– Қазақстан Республикасындағы Нотариат – нотариаттық іс-әрекеттер жасау арқылы жеке, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін білікті заң көмегін көрсету жөніндегі құқықтық институт. Бүгінгі таңда Қарағанды облысында нотариустардың жалпы саны 334 адамды құрайды. Ағымдағы жылдың 9 айында жасалған нотариаттық іс-әрекеттер саны 596 260-ты құрады, нотариустар бюджетке салық түрінде 313 378 204 теңге аударды.

Әділет министрлігі және оның аумақтық бөлімшелері атынан әділет департаменттері жаңа жағдайларда жұмыс істейтін нотариаттың абыройы мен беделін қолдауға, нотариустың жұмыс сапасы мен оның кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған барлық шараларды қабылдайды.

Мәселен, бірнеше жыл бұрын Қазақстан Республикасында соттардың жүктемесін оңтайландыру шеңберінде бұрын сотта қаралатын азаматтық істердің бір бөлігі нотариустарға берілді. Мысалы: жалақыны өндіріп алу, коммуналдық қызметтер бойынша берешектерді өндіріп алу, нотариат куәландырған мәмілеге негізделген міндеттемелер бойынша берешектерді өндіріп алу туралы талаптар және басқалары. Бұл – сотта әуресарсаңға салуды болдырмауға мүмкіндік берді.

Осылайша нотариусқа атқарушылық жазбаны жасау құқығы берілді. Атқарушылық жазба борышкерден өндіріп алушыға тиесілі ақша сомасын өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы нотариустың өкімі болып табылады.

Азаматтарға атқарушылық жазбалар бойынша қарсылық беру ыңғайлы болу үшін және мұны жедел түрде жасау мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 31.01.2012 жылғы бұйрығымен бекітілген Нотариустардың нотариаттық іс-әрекеттер жасау қағидаларына өзгертулер енгізілді. Өзгерту енгізу нәтижесінде қойылған қолдың түпнұсқалығын нотариалды куәландыру қажеттілігі алынып тасталды, сондайақ нотариустың электронды поштасына жіберу арқылы қарсылықты берудің жаңа балама тәсілі енгізілді.

Енді борышкер өз қарсылығын нотариусқа тікелей білдіруге немесе пошта байланысы арқылы жіберуге мүмкіндігі болмаса, оған өзінің қарсылығын нотариустың электронды поштасына жіберсе жеткілікті. Жаңа түзетулердің арқасында атқарушылық жазбаның күшін жою себебінен сот орындаушылары атқарушылық іс жүргізуді тоқтату фактілерінің саны азайды. Сонымен қатар борышкердің электронды поштаға қарсылық білдіруі қосымша қаржылық және уақыттық шығындарды қажет етпейді.

Сондай-ақ 2021 жылғы 1 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 15 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының цифрлық қоғамды дамыту жағдайында нотариаттық қызметті оңтайландыруға бағытталған ережелері күшіне енді.

Енді нотариаттық іс-әрекет жасауға өтініш білдірген адамның өтініші бойынша нотариус нотариаттық іс-әрекетті электронды нысанда жасай алады. Егер нотариаттық құжатқа электронды нысанда нотариаттық іс-әрекет жасауды өтінген адам қол қоюы тиіс болса, адам құжатты нотариустың қатысуымен электронды цифрлық қолтаңба арқылы куәландыруға немесе цифрлық қолтаңбаға арналған графикалық планшеттің көмегімен куәландыруға міндетті.

Нотариус дайындаған электронды құжаттың қағаз түріндегі құжатпен теңдігін куәландыру және нотариус қағаз түріндегі дайындаған құжаттың электронды құжатпен теңдігін куәландыру сияқты жаңа нотариаттық іс-әрекеттер енгізілді. Бұл азаматтар нотариус куәландырған құжаттарды бір қаладан екінші қалаға беру кезінде бұдан былай қиындық көрмеуі үшін жасалды. Мысалы, егер құжаттың түпнұсқасы басқа қалада болса және оны жедел жеткізуге мүмкіндік болмаса, нотариус электронды құжаттың қағаздағы құжатқа баламалылығын және керісінше қағаз құжаттың электронды құжатпен тең екенін куәландыра алады.

Экстерриториалдық  принципі де заңның жаңа өзгерісі болып табылады. Бұл басқа аймақтағы кез келген жылжымайтын мүлікті тұрғылықты жерінен шықпайақ рәсімдеуге мүмкіндік береді және азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдейді. Енді сіз объектінің орналасқан жеріне қарамастан елдің кез келген нотариусынан жылжымайтын мүлікпен мәміле жасай аласыз. Мысалы, егер мәміле тараптары Қостанай қаласында болса, ал пәтер Қарағанды қаласында болса, онда Қарағанды қаласына барудың қажеті жоқ, Қостанай қаласының нотариусына жүгініп мәмілені ресімдеуге болады.

– Тимур Қуатұлы, соңғы жылдары адвокатура және заң консультанттары салаларында түбегейлі өзгерістер болды. Осы салаларда әділет органдары қандай нақты жұмыстар жүргізуде?

– Қарағанды облысында 1 аумақтық адвокаттар алқасы, 17 заң консультациясы, 18 адвокаттық кеңсе жұмыс істейді, 592 адвокат қызметін жүзеге асырады.

Мемлекет Басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев 01.09.2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың құқықтарын қорғай отырып, құқық қорғаушылардың, оның ішінде адвокаттардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жұмысына кедергі келтіретін заңсыз әрекеттердің жолын кесу керек екенін атап өтті.

Әділет департаменті адвокаттардың өтініштері бойынша 2021 жылдың 9 айында заңды қызметіне кедергі келтіргені туралы және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ҚР ӘҚБтК-ның 668-бабы бойынша «Саумал» ЖШС, «ЦЕНТРПРОМСТРОЙ» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «ИнвестСпецСтрой» ЖШС-на қатысты 5 әкімшілік іс қозғады, қарау нәтижелері бойынша сот 288 920 теңге мөлшерінде айыппұл салды.

«Адвокаттық қызмет және ақпараттық жүйенің болуын көздейтін заң көмегі туралы» ҚР Заңының нормаларын іске асыру мақсатында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ 2018 жылы «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесін әзірледі.

Жүйенің негізгі мақсаты халықты онлайн режимде білікті заң көмегімен қамтамасыз ету болып табылады. Жүйе азаматтарға үйден шықпай-ақ мамандануы мен тәжірибесіне қарап өзіне өкіл, қорғаушы таңдауға, оның кәсіби жауапкершілікті сақтандыру шартының бар-жоғын тексеруге, пікір қалдыруға, сондай-ақ онлайн консультациялар алуға мүмкіндік береді. ҚР Конституциясы бойынша, әрбір адамның қорғалуға құқығы бар, бірақ егер адамның өзіне адвокат жалдауға мүмкіндігі болмаса, оған азаматтық, әкімшілік және қылмыстық процесс барысында бюджет есебінен мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегі, сондай-ақ тегін құқықтық кеңестер берілетінін барлығы біле бермейді. Азаматтар тұрғылықты жеріне және тұратын мекеніне қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқылы.

Ағымдағы жылдың 20 сәуірінен бастап «Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесі мен «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесі бірлескен пилоттық жобасы іске асырылуда. «Е-заң көмегі» жүйесінің арқасында алдын ала тергеу және анықтау органдарының сұрау салулары бойынша дереу адвокаттар тағайындалады, осылайша қылмыстық қудалау шеңберіне түскен азаматтарды уақытылы қорғау қамтамасыз етіледі, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету бойынша адвокаттар арасында істерді біркелкі бөлу, жүйеде адвокаттардың еңбегіне дереу ақы төлеу жүзеге асырылады. Ағымдағы жылғы 29 қарашаға алғанда «Е-заң көмегі» жүйесінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесінде жұмыс істейтін 219 адвокат тіркелген. Облыстың алдын ала тергеу және анықтау органдары «Е-заң көмегіне» қылмыстық қудалау орбитасына түскен адамдарға адвокат тағайындау туралы 635 электронды сұрау жіберді, олардың 476-сын адвокаттар қабылдады. Әділет департаменті «Е-заң көмегі» бойынша 8 117 912,88 теңге сомасына адвокаттың еңбегіне ақы төлеуді жүзеге асырды.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Әділет департаменті Қарағанды облыстық адвокаттар алқасымен бірлесіп жеке тұлғаларға алимент өндіру, зейнетақы және жәрдемақы тағайындау, оңалту, босқын немесе оралман (қандас) мәртебесін алу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар мәселелері бойынша адвокаттардың мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін Қарағанды қаласы, 15-шағынауданы, 13-үй мекенжайы бойынша орналасқан «Асыл ана – 2020» қоғамдық қоры базасында, Әділет департаментінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде, «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының (мекенжайы: Қарағанды қаласы, Мұқанов көшесі, 3-үй), сондайақ облыстың барлық заң консультациялары мен адвокаттық кеңселерінде жүзеге асырады.

Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж адамның мүддесінде мұндай көмек көрсету туралы өтінішхатпен оның өкілі заңнамада белгіленген тәртіппен жүгіне алады. Қарағанды облысы Әділет департаментінің анықтама телефондары: 420062, 420525, 412078, Қарағанды облыстық адвокаттар алқасы: 415894, 416336.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 10 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Енгізілген түзетулердің едәуір бөлігі заң консультанттарының қызметіне қатысты.

2018 жылы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа Заң қабылданғанға дейін Қазақстан Республикасында заң консультанттарының қызметі реттелмеген еді, жаңа заң заң консультанттарын саны 50 адамнан кем емес палаталарына шоғырландыруға мүмкіндік береді. Алайда мүшелердің белгіленген ең аз саны палата қызметінің тиімді жұмыс істеуі үшін жеткіліксіз болып шықты. Осыған байланысты заңға енгізілген түзетулермен палаталардағы заң консультанттарының саны елуден екі жүзге дейін ұлғайтылды. Қазіргі уақытта Қарағанды облысының аумағында 1000- нан астам адам саны бар бес заң консультант палатасы жұмыс істеуде.

Сондай-ақ заңда заң консультантының заңды қызметіне араласқаны не кедергі келтіргені үшін жауапкершілік көзделген. Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және заңды тұлғалар заң консультантының заң көмегін көрсетуіне байланысты оның сұрау салуына он жұмыс күні ішінде жазбаша жауап беруге міндетті.

– Тимур Қуатұлы, Әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында қандай шаралар жүргізіп жатыр?

– Әділет органдарының басым міндеттерінің бірі – зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Осыған байланысты заңнаманы одан әрі жетілдіру, контрафактілік өнімнің таралуына жол бермеу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша шаралар қабылдануда.

Әділет департаменті тұрақты негізде бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу, вебинарлар өткізу түрінде ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізеді. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қарағанды облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімі бөтеннің тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін 18 әкімшілік іс қозғады.

Заңсыз айналымнан жалпы сомасы 2 304 575 теңгеге 242 354 дана контрафактілік өнім алынып, тәркіленді. Айыппұл сомасы 966 540 теңгені құрады. «Диор», «Старлайн», «Калгон», «Икеа», «Тойота, «Маша және Аю», «Маккофе», «Крикетт» сияқты танымал әлемдік брендтердің құқықтары қорғалды. Сондайақ қазақстандық алкоголь өнімдерін өндірушілердің «Астық», «Қазақстан» және «Таң» сүт өнімдерін заңсыз пайдаланғаны үшін кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері бар.

Контрафактілі өнімді жою мақсатына бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың жеке-жеке қолдауымен ғана қол жеткізуге болатындығын атап өту қажет.

– Тимур Қуатұлы, азаматтар Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты құжаттарға апостиль қою мәселесіне тап болады. Мұндай қызметті Еgov порталы арқылы алуға бола ма?

– Елден тыс жерлерге шығатын адамдар көбінесе құжаттарға апостиль қою рәсіміне тап болады, кейде бұл процедураны «жеңілдетілген заңдастыру» деп те атайды. Бұл рәсім 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага Конвенциясына қатысушы елдерде қолданылады, оған сәйкес апостиль қойылған қолдың түпнұсқалығын, құжатқа қол қойған тұлға осы құжат бекітілген мөрдің немесе мөртабанның түпнұсқалығын куәландырады. Апостиль мөртабаны – құжаттың туған елінен тыс жерде жарамдылығын көрсететін халықаралық форма. Егер сіз құжат дайындайтын ел Гаага Конвенциясына қатысушы болып табылмаса, ҚР Сыртқы істер министрлігінің органдарында консулдық заңдастыру қажет.

Сондай-ақ автоматтандыру шеңберінде жыл басынан бері Қазақстан Республикасында «Әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» (Е-апостиль) электронды мемлекеттік қызметінің пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл мемлекеттік қызмет үдерістерді толық автоматтандыру үшін арнайы әзірленген және көрсетілетін қызметті алушының электронды цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып портал арқылы беріледі.

Осы электронды цифрлық қолтаңба болған жағдайда біздің азаматтар уақытты, қаражатын үнемдеу және ыңғайлы болу мақсатында әлемнің кез келген нүктесінен осы қызметті онлайн режимінде ала алады. Электронды үкімет сайтында мемлекеттік бажды төлеуге, өтінім беруге және арнайы қорғау коды бар электронды апостиль орналастырылатын веб-сайтқа арнайы сілтеме алуға болады. Электронды мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 1 жұмыс күнін құрайды, ХҚКО арқылы – 2 жұмыс күн, құжат тапсырылған күн саналмайды.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Аружан АЛПЫСБАЙ.