Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі – халық денсаулығының кепілі
Жыл сайын бүкіл әлемде Дүниежүзілік тағам өнімдерінің қауіпсіздігі күні атап өтіледі. Бұл күннің басты мақсаты – тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мәселесіне қоғамның назарын аудару, халықтың денсаулығын қорғау және тұтынушылардың сапалы өнімге деген сенімін нығайту.
Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі – қоғамдық денсаулықты сақтаудың маңызды құрамдас бөлігі. Қауіпсіз тағам адамның қалыпты өмір сүруіне, еңбек өнімділігіне және өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан тағамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өндірушілердің, жеткізушілердің, сатушылардың, мемлекеттік органдардың және тұтынушылардың ортақ міндеті.
Өнімнің қауіпсіздігі оны өндіруден бастап тұтынушының дастарханына дейінгі барлық кезеңдерде сақталуы тиіс. Шикізатты өндіру, өңдеу, тасымалдау, сақтау және өткізу кезінде санитариялық-гигиеналық талаптар мен қолданыстағы техникалық регламенттердің талаптарын сақтау аса маңызды.
Таңбалау – тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі элементтерінің бірі. Өнімнің қаптамасында атауы, құрамы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, өндіруші туралы мәліметтер және тұтынушы үшін қажетті басқа да ақпарат толық әрі дұрыс көрсетілуі қажет. Дұрыс таңбаланған өнім тұтынушыға саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді. Сақтау шарттарының сақталуы да ерекше маңызға ие. Температуралық режимнің бұзылуы немесе жарамдылық мерзімінің өтуі сапалы өнімнің өзін адам денсаулығына қауіпті етуі мүмкін. Сондықтан сатып алу кезінде қаптаманың бүтіндігін, өнімнің сыртқы түрін және жарамдылық мерзімін мұқият тексеру қажет.
Кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарын, оның ішінде КО 021/2011 «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» ТР және КО 022/2011 «Таңбалануы бөлігіндегі тағам өнімдері» техникалық регламенттерін сақтауға, сондай-ақ өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың болуын қамтамасыз етуге міндетті.
Тұтынушыларға тағам өнімдерін тек сенімді сауда орындарынан сатып алу, қаптамадағы ақпаратпен мұқият танысу, дайындалған күні мен жарамдылық мерзімін, сақтау шарттарын тексеру ұсынылады. Егер өнімнің сапасына күмән туындаса немесе бүліну белгілері анықталса, оны сатып алудан бас тартып, сауда объектісінің әкімшілігіне немесе уәкілетті мемлекеттік органға хабарлаған жөн.
Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі – әрбір азаматтың денсаулығы мен елдің әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Мемлекет, бизнес және қоғам бірлесіп әрекет еткенде ғана халықты сапалы әрі қауіпсіз тағам өнімдерімен қамтамасыз етуге болады.
Дүниежүзілік тағам өнімдерінің қауіпсіздігі күні әрқайсымызға дұрыс таңдау жасап, тағам қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын еске салады. Өйткені қауіпсіз тағам – бүгінгі және келер ұрпақтың денсаулығының берік негізі.
Н.М.АЙМАҒАНБЕТОВ, Қарағанды қ. Қазыбек би ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Г.ӨНЕРБЕКОВА,
бөлім басшысы

