Қарағанды көшелерін «тұманды» машиналар тазалайды

Қарағанды көшелеріндегі кішкентай сыпырғыш машиналарға қазір ешкім таңғалмайды. Шағын техника асықпай жүріп, қоқыс пен шаң-тозаңды жинауға әбден төселіп алған. Дегенмен, қалалық коммуналдық қызметкерлердің қатары тағы бір заманауи, ерекше көмекшімен толықты.

Енді кеншілер шаһарының көшелеріне мүлдем жаңа үлгідегі техника шықты. Бұл құрылғы жолды сыпырып, қоқысты шаңсорғыш секілді сорып қана қоймай, айналасындағы шаңды да тиімді басады. Оның өнімділігі жоғары – сағатына 22 мың шаршы метр аумақты тап-тұйнақтай етіп шығады. Осылайша, бір ғана машина ондаған аула сыпырушының жұмысын жалғыз өзі атқарып отыр.

Жаңа техниканың басты артықшылықтары:

Экологиялық тиімділік: Құрылғы толықтай аккумулятормен жұмыс істейтіндіктен, жанармайды мүлдем қажет етпейді;

Дыбыссыз жұмыс: Қозғалтқышы ешқандай артық шу шығармайды;

Тұманды технология: Шаң-тозаң өткіншілердің бетіне ұшпауы үшін, машина жұмыс істеп тұрғанда оның айналасында ұсақ дисперсті салқын су тұманы түзіледі.

Бұрын тротуарлар тек қолмен тазаланса, шағын машиналардың келуімен бұл процесс едәуір жеделдеген еді. Ал мына жаңа технология тазалық сапасын жаңа деңгейге көтермек.

Қазіргі уақытта Қарағандыда осындай екі машина қала орталығындағы жаяу жүргіншілер аймағында қызмет көрсетіп жатыр. Коммуналдық сала мамандарының айтуынша, маусым айының соңына қарай шаһарға тағы бір осындай «тұманды» көмекші жеткізілмек.

Фото: ekaraganda.kz

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»