Заң мен тәртіп жолындағы марафон
Заң мен тәртіп – қоғамдағы тұрақтылықтың, қауіпсіздік пен дамудың басты кепілі. Ол тек құқық қорғау органдарының қызметімен ғана емес, әр азаматтың күнделікті өмірдегі жауапкершілігімен, заңға құрметімен және тәртіпке деген көзқарасымен қалыптасады. Осы қағиданы кеңінен насихаттау мақсатында Қарағандыда «Заң мен тәртіп жолында» атты бұқаралық жүгіру марафоны өтті.
Таңсәріден Алаш саябағына жиналған қала тұрғындарының бұл жолғы ұраны ерекше болды. Төрт жасар бүлдіршіннің «Заң мен тәртіп менен басталады» деген қарапайым сөзі көпшіліктің көңілінен шығып, шараның негізгі идеясын айқындап берді.
Жаппай жүгіру жарысына 150-ден астам, ал ұйымдастырушылардың есебі бойынша 200-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам белсенділері мен зейнеткерлер болды. Қатысушылар алдымен бой жазып, жаттығу жасап, кейін бес шақырымдық қашықтыққа бірге аттанды.
Қазыбек би ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Ардақ Жақияевтің айтуынша, мұндай іс-шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдағы бірлік пен жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.
– Бүгінгі «Заң мен тәртіп» қағидаты – әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс маңызды құндылық. Осындай спорттық шаралар адамдарды салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, заңға құрметпен қараудың, қоғамдық тәртіпті сақтаудың ортақ жауапкершілік екенін айқын көрсетеді, – деді ол.
Марафонға белгілі қоғам белсендісі, спортшы әрі «JANAMEN» жобасының негізін қалаушы Айтым Жақыпов та қатысты. Ол заң мен тәртіптің құрғақ ұран емес, өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі салауатты болашағын қалыптастыратын өмірлік қағида екенін атап өтті.
– Ең алдымен, бұл жастарға спорттың бірлік пен ынтымақтың үлгісі екенін көрсетеді. Ал біздің негізгі міндетіміз – заң мен тәртіпті сақтау. Заң мен тәртіп дегеніміз – жай ғана сөз емес, бұл балаларымыздың қауіпсіз әрі салауатты болашағы. Сондықтан мұндай бастамаларды қолдап қана қоймай, оларды жиі ұйымдастырып, дамыту қажет, – деді Айтым Жақыпов.
Оның айтуынша, спортпен айналысу үшін міндетті түрде арнайы зал іздеудің қажеті жоқ. Қаладағы саябақтар мен спорт алаңдары да белсенді өмір салтын ұстануға толық мүмкіндік береді.
Бес шақырымдық қашықтықты еңсерген марафоншылардың ең жасы – 10 жаста болса, ең егдесі алпысты алқымдаған азамат болды. Қатысушылардың бірі, ұзақ жылдар бойы спортпен айналысып келе жатқан Қайрат Қасымов мұндай жарыстардың адамға сергектік пен жігер сыйлайтынын айтады.
– Үйде отыра бергеннен ештеңе өзгермейді. Қозғалу керек, спортпен айналысу керек, осындай жарыстарға қатысу керек. Жасқа қарамай жүгіреміз. Спорт адамның өмірін ұзартатын, күш-қуат беретін үлкен мектеп, – дейді ол.
Бұл күні құқық қорғау саласының мамандары мен қатардағы қала тұрғындары бір сапта жүгіріп, біртұтас қоғамның үлгісін көрсетті. Тәртіп сақшылары ұйытқы болған бастаманың басты мақсаты – «Заң мен тәртіп» ұғымын тек құқықтық талап ретінде емес, әр азаматтың өмір салтына айналдыру.
Өйткені заң үстемдік құрған, тәртіп салтанат құрған қоғамда ғана тұрақтылық, қауіпсіздік және өркендеу болады. Ал мұндай құндылықтар әрқайсымыздың күнделікті ісімізден, жауапкершілігімізден және ортақ мүддеге деген құрметімізден бастау алады.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»


