Жастармен ашық әңгіме

Заң мен тәртіп – тек құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, ол әр азаматтың қауіпсіз өмір сүруіне, отбасы институтының беріктігіне және жастардың саналы таңдау жасауына негіз болатын маңызды қағида. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан Қарағанды қаласының әкімдігі жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді ашық талқылауға ерекше мән беруде.

Осы мақсатта Қарағандының Орталық саябағында «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында «Ерте неке және тұрмыстық зорлық-зомбылық: байланысы неде?» тақырыбында еркін диалог өтті. Кездесуге «Жасыл ел» жастар жасағының сарбаздары қатысып, қоғамда жиі жабық тақырып саналып келген мәселелерді еш бүкпесіз талқылады.

Жастар махаббат пен отбасы туралы армандайды. Алайда ерте жаста қабылданған асығыс шешімдер кейде ауыр әлеуметтік мәселелерге алып келуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, 16-17 жаста шаңырақ көтерген жастардың басым бөлігі отбасылық өмірдің жауапкершілігін толық сезіне бермейді. Соның салдарынан түсініспеушілік, жанжал, тіпті тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туындауы ықтимал.

Қарағанды қаласының «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Анна Латош мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру екенін атап өтті.

– Бүгін біз «Жасыл ел» республикалық жобасының жастарымен ерте неке мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзара байланысын талқылап отырмыз. Отбасын қолдау орталығы жоспарға сәйкес апта сайын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл тақырып өте өзекті. Өйткені ерте некенің артында үлкен тәуекелдер тұр. Мұндай жас кезеңінде жастар отбасы құрудың барлық жауапкершілігін толық сезіне бермейді. Сондықтан біз оларға ерте некенің салдары мен тәуекелдерін түсіндіруіміз қажет, – деді ол.

Кездесу барысында қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері, оның алдын алу жолдары және көмек алу тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Мамандар қандай жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну керектігін, сондай-ақ арнайы дағдарыс және қолдау орталықтарынан көмек алуға болатынын түсіндірді.

Полиция майоры Бақытгүл Серікбаеваның айтуынша, заң мен тәртіп қағидаты әр азаматтың өз құқығы мен міндетін білуінен басталады. Ал құқықтық сауаттылық – зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңызды құралдарының бірі.

Еркін диалогтың ерекшелігі – жастардың жай ғана тыңдаушы болып қалмай, өз ойларын ортаға салып, көкейлеріндегі сауалдарға жауап алуы болды. Қатысушылар отбасылық құндылықтар, ерте некенің салдары және жауапты ата-ана болу мәселелері жөнінде пікір алмасты.

«Жасыл ел» жасағының командирі Данила Мельник мұндай кездесулердің жастар үшін маңызы зор екенін айтады.

– Дәріс маған өте ұнады. Біз барлық сұрақтарды талқылап, өзімізді толғандырған мәселелерге жауап алдық. Мен бұл тақырыптың көтерілгенін толық қолдаймын. Өйткені ерте шаңырақ көтеру көбіне ойланбай жасалатын қадам. Жастар кейде романтикалық сезімнің жетегінде кетіп, отбасы құрудың жауапкершілігін ескере бермейді. Ал мұның соңы түрлі әлеуметтік мәселелерге, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа алып келуі мүмкін, – дейді ол.

Мамандардың пікірінше, мұндай кездесулер жастарға заң талаптарын түсіндіріп қана қоймай, олардың өмірлік маңызды мәселелерге қатысты өзіндік көзқарасын қалыптастырады. Ашық пікір алмасу алаңдары жастардың күрделі тақырыптарды еркін талқылауына, сұрақ қоюына және дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді.

Қарағанды қаласының әкімдігі жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және «Заң және Тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Осындай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, жас буынның саналы, жауапты әрі құқықтық сауатты азамат болып қалыптасуына ықпал етпек.

Өйткені бүгін қабылданған саналы шешім – ертеңгі қауіпсіз отбасының, ал заң мен тәртіпке негізделген қоғамның кепілі.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»