Жас маманға жол ашқан бағдарламалар

Қарағанды қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, оң нәтижелерге қол жеткізілуде. Бүгінде өңірдегі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткішпен теңесті. Бұл – жастардың еңбек нарығына белсенді араласуына жағдай жасайтын мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің айқын көрінісі.

Жастарды жұмыспен қамту – тек әлеуметтік мәселе ғана емес, елдің экономикалық дамуы мен қоғамдық тұрақтылығының басты кепілі. Жұмысқа орналасқан жас маман кәсіби тұрғыдан қалыптасып қана қоймай, өз болашағын жоспарлап, қоғамның белсенді мүшесіне айналады. Сондықтан мемлекет тарапынан жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауына және тұрақты жұмысқа орналасуына ерекше көңіл бөлінуде.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2025 жылы өңірде жұмыспен қамту шараларымен 23 мыңнан астам жас қамтылды. Оның ішінде 21 мыңнан астамы тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды. Бұл көрсеткіш жастарды еңбекке тарту бағытындағы жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетеді.

Бүгінде еңбек нарығына алғаш қадам басқан түлектер үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы үлкен мүмкіндікке айналды. Бағдарлама арқылы жоғары және арнаулы оқу орындарын тәмамдаған жастар мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алуда. Көптеген жас маман осы бағдарлама арқылы алғашқы жұмыс тәжірибесін жинап, кейін тұрақты қызметке орналасып жатыр.

Өңірде бос жұмыс орындары арқылы еңбекке орналасуға да кең мүмкіндік қарастырылған. Биыл тоғыз мыңнан астам жас бос жұмыс орындарына жолданып, жұмысқа орналасуға бағыт алды. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүздеген азамат жұмыспен қамтылса, мыңдаған жас жұмыс берушілердің ұсыныстары мен жеке бастамаларының арқасында тұрақты қызмет тапты

Жастарды қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі – субсидияланатын жұмыс орындары. Өткен жылы мұндай бағдарламаларға төрт мыңнан астам адам тартылды. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар жастар да бар. Бұл инклюзивті еңбек нарығын қалыптастырып, әрбір азаматтың еңбек етуіне тең мүмкіндік беруге жол ашуда.

Қазіргі таңда жастар арасында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар бағдарламаларына қызығушылық жоғары. Бұл жобалар еңбек өтілі жоқ жастарға алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға, жаңа дағдыларды игеруге және тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік береді.

Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Өйткені еңбекке араласқан әрбір жас – өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратын, қоғамның тұрақтылығын нығайтатын маңызды күш. Сондықтан жастарды жұмыспен қамту мәселесі әрдайым мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Аяна СЕРІКҚЫЗЫ,

«QH»