Дарынды жастардың жетістігі дәріптелді

Қарағандыда халықаралық және республикалық олимпиадалардың, ғылыми және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары бас қосты. Облыс әкімінің талантты мектеп оқушыларымен дәстүрлі кездесуі биыл «Сарыарқа мақтанышы» атауымен өтті. Басқосуда өңір басшысы дарынды жеткіншектерді жетістіктерімен құттықтап, оларға ақшалай сертификаттар табыстады.

Бұл күні бір алаңға Қарағанды облысының абыройын республикалық және халықаралық деңгейде асқақтатып жүрген болашақ ғалымдар, инженерлер, педагогтер мен қоғамдық көшбасшылар жиналды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оқушылар өздерінің ғылыми жобалары мен тың бастамаларын таныстырды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дарынды жастардың жетістіктері елдің интеллектуалдық әлеуетін айқындайтын маңызды көрсеткіш екенін атап өтті.

– Кіл мықты жастар бір алаңға жиналып отыр. Қазіргі заманда білім мен ғылым – мемлекеттің басты бағытын айқындайтын ең негізгі өлшем. Бәсекеге қабілетті болудың түп негізі де сапалы білім мен терең ғылымда. Жаңашыл идеяларыңыз Жаңа Қазақстанның берік іргесін қалайтынына сенеміз. Алтын ұя мектептеріңізде аяулы ұстаздарыңыздан алған тәлімнің арқасында көк байрағымызды жаһандық ареналарда желбіретіп, ел намысын абыроймен қорғап келесіздер. Алдағы уақытта да республикалық және әлемдік додаларда биік белестерді бағындыра беріңіздер, – деді аймақ басшысы.

Кездесу барысында білім беру жүйесін жетілдіру, талантты жастарды қолдау, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Оқушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жаңа технологияларды енгізу, ғылым мен инновацияны қолдау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Олардың айтуынша, жетістікке жетудің басты құпиясы – табанды еңбек пен үздіксіз ізденіс.

Ресми бөлімнен кейін еркін форматтағы әңгіме жалғасып, жастар болашақта жинаған тәжірибелері мен білімдерін туған өлкесінің дамуына арнауға дайын екендіктерін жеткізді.

Жиында халықаралық және республикалық білім додаларында жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға ерекше құрмет көрсетілді. Марапатталғандардың қатарында «INFOMATRIX ASIA–2026» халықаралық инновациялық технологиялар байқауының, «RoboCup 2025» халықаралық робототехника жарысының және «FIRST Championship 2026» халықаралық робототехника чемпионатының жеңімпаздары бар.

«Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушылары Ясмин Сейфуллина мен Максим Бормин халықаралық робототехника жарыстарында жоғары нәтиже көрсетсе, «Озат» ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Мансұр Ноғай «INFOMATRIX ASIA–2026» байқауында бірінші орынды иеленді. Ал «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Акбар Ермеков «FIRST Championship 2026» халықаралық робототехника чемпионатында үздік атанды.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары да марапатталды. Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Сырым Амантай, Қаныш Сәтпаев атындағы гимназияның оқушысы Ясмин Ғабдуллин және №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Ғабдолла Асқар бірінші орын иеленсе, Қаныш Сәтпаев атындағы гимназияның оқушысы Евгения Шатохина сыни ойлау және философия пәні бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды.

Ғылыми жобалар бағытында да қарағандылық оқушылар жоғары нәтижелерге қол жеткізді. «Жамбыл» атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Әнуар Әбдәрраззақ республикалық зерттеу жобалары конкурсында үздік шықты. Ал Шет ауданындағы Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Құрманбай Ислам ауыл мектептері арасындағы республикалық олимпиадада жеңіске жетті.

– Осы жетістікке жету үшін көп еңбектеніп, үздіксіз оқу керек. Бұл – бір ғана жеңістің нәтижесі емес, жылдар бойғы еңбек пен білімге деген құштарлықтың жемісі. Өткен жылы ауыл олимпиадасында екінші орын алсам, биыл бірінші орынға ие болдым. Болашақта өзімді одан әрі дамытып, халықаралық олимпиадаларға қатыссам деген мақсатым бар, – дейді Құрманбай Ислам.

Кездесуде Қарқаралы ауданы Бақты ауылындағы №21 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Нари Сулейманов та өз әсерімен бөлісті.

– Орыс тілі мен әдебиеті пәнін ерекше жақсы көремін. Астанада өткен республикалық олимпиадада облыс намысын қорғап, ІІ-орынға ие болдым. Өзім өлең жазамын. Қазір жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрмін. Болашақта Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің филология факультетінде білім алғым келеді, – дейді ол.

Дарынды жастардың қатарында шығармашылықпен айналысып жүрген оқушылар да болды. Мамандандырылған музыка мектеп-интернатының түлегі, «Астана – Мерей» халықаралық орындаушылар байқауының жүлдегері, «Алтын белгі» иегері Диас Хахарманов өнер мен білімді қатар алып жүрудің оңай еместігін айтты.

– Мен валторна аспабында ойнаймын. Он екі жыл бойы мамандандырылған музыка мектебінде білім алдым. Біз екі мектептің бағдарламасын қатар меңгереміз: музыка мектебі мен жалпы білім беретін мектеп. Сондықтан екі есе еңбек етуге тура келеді. Болашақта музыка саласын жалғастырып, елордадағы «Шабыт» университетінде білім алғым келеді, – дейді Диас Хахарманов.

Салтанатты жиында дарынды шәкірттерді тәрбиелеп, олардың табысқа жетуіне жол ашқан ұстаздардың еңбегі де ерекше аталып өтті. Білім беру саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін Қаныш Сәтпаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ермек Келмағамбет пен №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Ғалия Мұқатова «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі Жанар Акашева мен Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағдат Амангелдинова «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Ал Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының география пәнінің мұғалімі Рахым Серік облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шара соңында дарынды жастар облыс әкіміне ерекше сый тарту етті. Олар биылғы жеңімпаздардың фотосуреттері мен туған өлкеге арналған ізгі тілектер бейнеленген «Сарыарқа мақтанышы» атты естелік картинаны табыс етті.

Кездесу соңында Ермағанбет Бөлекпаев оқушыларға еңбекқорлығы мен білімге деген құштарлығы үшін алғыс білдіріп, мұндай жетістіктердің өңірдің ғана емес, тұтас елдің болашағына қызмет ететінін атап өтті. Ал қатысушылардың пікірінше, осындай кездесулер жаңа белестерді бағындыруға серпін беріп, білім мен табандылықтың үлкен жетістіктерге жол ашатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ералы Ғани

«QH»