Ауладағы жұмақ бағы
Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласы бүгінде тұрғындардың ғана емес, осы маңнан өткен әрбір адамның сүйсіне қарайтын ерекше орнына айналған. Кезінде қоқысқа толып, қараусыз қалған аумақ бүгінде жайқалған жасыл желекке, құлпырған гүлдер мен сәндік ағаштарға толы шағын ботаникалық бақты еске салады. Мұның бәрі бір ғана адамның – жергілікті тұрғын Дмитрийдің табандылығы мен туған жерге деген жанашырлығының арқасында жүзеге асқан.
Қазір көршілері оны «ауласын жұмаққа айналдырған жан» деп атайды. Өйткені ол бірнеше жылдың ішінде айналаны танымастай өзгертіп, көпшілікке үлгі боларлық іс атқарды.
– Бәрі осы жерге шырша егуден басталды. Бұл шыршаларды 2019 жылы отырғыздым. Ол кезде кіп-кішкентай еді, қазір екінші қабаттың деңгейіне дейін өсті. Бұл ой маған Америкаға барып келгеннен кейін келді. Ол жақта адамдардың ешқандай қоршаусыз-ақ, әдемі көгалдар мен гүлдердің ортасында өмір сүретінін көрдім. Мен де өз ауламды сондай көрікті еткім келді. Қазір осы жерден өтіп бара жатқан адамдар тоқтап, суретке түседі, балалар ерекше қуанады, – дейді Дмитрий.
Алғашында ол тек кіреберіс алдындағы шағын гүлзарды абаттандырудан бастаған. Кейін жұмыс көлемі ұлғайып, бүкіл ауланы қамтыған. Жылдар бойы тапталып, қатайып кеткен топырақты қайта қалпына келтіру үшін арнайы қарашірік алдырып, жерді тыңайтқан. Есесіне бүгінде отырғызған ағаштары мен гүлдерінің барлығы дерлік жайқалып өсіп тұр.
Аулада Қырым қарағайы, шырша, түрлі сәндік бұталар мен ондаған гүл түрі өседі. Дмитрийдің айтуынша, қандай өсімдік ексе де, жерсініп кетеді.
– Мынау – Қырым қарағайы. Оның ерекшелігі – қылқандары жалпақ және қыстың суығына өте төзімді. Мұны базардан сатып алған едім, өте жақсы өсіп кетті. Жалпы, қолым жеңіл сияқты. Не ексем де, бәрі тамыр жайып кетеді, – дейді ол.
Әсемдікке жанашырлықпен қарайтын тұрғын ауладағы әрбір гүл мен мүсінді көзінің қарашығындай сақтайды. Бұзақылардан қорғау үшін бейнебақылау камераларын орнатқан. Тіпті сәндік фламинго мүсіндері мен гүл құмыраларын арнайы бекітіп қойған. Себебі бұған дейін оларды қолды қылмақ болғандар да табылған.
Гүлдерді суару мәселесі де заңды жолға қойылған. Дмитрий әр тамшы судың арнайы есептегіш арқылы беріліп, ақысының толық төленетінін ерекше атап өтті.
– Гүлдерді суаруға көршім Людмила көп көмектеседі. Жалпы, барлық көршілер қолдау көрсетеді. Биылдан бастап олар ай сайын қаражат жинап, оны суаруға, шөп шабатын құрылғы алуға және басқа да қажеттіліктерге жұмсай бастады. Бәріне осы аула ұнайды, – дейді ол.
Бүгінде бұл аула тек көрікті орын ғана емес, тұрғындарды біріктірген ортақ іске айналған. Көршілер бірігіп гүл баптайды, шөп жұлады, тазалыққа үлес қосады.
– Осы үйдің жанынан өткен сайын таңғаламын. Мұндай сұлулықты жасау үшін қаншама еңбек, махаббат пен жанашырлық керек, – дейді қала тұрғыны Игорь Стиплин.
Ал Қарлығаш Үсенова бұл ауланың үнемі жаңарып отыратынын айтады.
– Дмитрийді сырттай жақсы танимыз. Осындай ғажайып сұлулықты жасап жүрген адамға тек алғыс айту керек. Бұл жерде қашан келсең де жаңа бір дүние пайда болып жатады, – дейді ол.
Қала тұрғыны Сәкеннің айтуынша, бұл бүгінде Қарағандыдағы ең әдемі аулалардың біріне айналған.
– Мұның бәрін Дмитрий өз қолымен жасады. Үнемі өзі суарып, күтім жасайды. Көршілері де қолғабыс етеді. Бұл – баршаға үлгі болатын іс, – дейді ол.
Ал Дмитрий болса жеке үйде тұрғаннан гөрі осындай ортақ игілік жасағанды жөн көреді.
– Көршілерім кейде «Саған жеке үй керек» деп жатады. Бірақ онда мұндай сұлулықты тек өзің ғана көресің. Ал мұнда балалар ойнайды, адамдар суретке түседі, қуанып жатады. Соның өзі үлкен бақыт. Егер мүмкіндік болса, әкімдік қураған ағаштарды кесуге көмектессе, мен олардың орнына жаңа, асыл тұқымды ағаштар егер едім, – дейді ол.
Қарапайым тұрғынның игі бастамасы бүгінде Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасының мәнін айқын көрсетіп отыр. Бір адамның туған қаласына деген сүйіспеншілігі мен еңбекқорлығы қараусыз жатқан аумақты гүлге оранған жұмақ мекенге айналдырып қана қоймай, өзгелердің де қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгерте алды.
Өйткені қала көркін тек ірі жобалар емес, өз ауласын гүлдендіріп, айналасына жанашырлықпен қарайтын осындай белсенді азаматтар қалыптастырады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

