Өрт сөндірушілерге жол ашылады

Қазақстанда өрт сөндірушілердің төтенше жағдай орнына кедергісіз жету мәселесі тағы да талқыға түсті. Мәжіліс депутаттары құтқарушыларға жолды бөгеп тұрған автокөліктерді қағып өтуге рұқсат беруді ұсынған болатын. Алайда Үкімет бұл бастаманы қолдамады.

Мәселенің көтерілуіне Астанада болған оқиға себеп болған. Онда өрт сөндіру техникасы көпқабатты тұрғын үй ауласында дұрыс қойылмаған көліктердің кесірінен оқиға орнына уақытылы жете алмаған.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, қолданыстағы заңнама өрт сөндірушілерге төтенше жағдайда ғимараттардың есіктерін, терезелерін және шлагбаумдарды бұзып ашуға мүмкіндік береді. Алайда автокөліктерді мәжбүрлі түрде жылжыту немесе эвакуациялау полиция органдарының құзыретіне жатады.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында құрылыс нормаларына өзгерістер енгізуді әзірлеп жатыр. Жаңа талаптарға сәйкес көпқабатты тұрғын үйлердің маңында өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаңдар қарастырылады.

Сондай-ақ тұрғын үй кешендеріндегі шлагбаумдарға қойылатын талаптар күшейтіледі. Олар қажет болған жағдайда қолмен немесе кезекші қызметкер арқылы жедел ашылуы тиіс.

Мамандардың пікірінше, бұл өзгерістер өрт сөндірушілердің шақырту орнына уақытылы жетуіне мүмкіндік беріп, төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін сақтап қалуға ықпал етеді.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»