«Сарыарқа жұлдызы» жас таланттардың жолын ашты
Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында дәстүрлі «Сарыарқа жұлдызы» облыстық эстрадалық орындаушылар байқауы ұйымдастырылып, өңірдің түкпір-түкпірінен келген жас өнерпаздардың басын қосты. Музыкалық дода талантты балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың сахналық мәдениетін қалыптастыруға және өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Байқауға Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан келген ондаған үміткер қатысып, өз өнерлерін кәсіби қазылар алқасының назарына ұсынды. Жас орындаушылар халық әндері мен заманауи эстрадалық шығармаларды орындап, вокалдық мүмкіндіктерін паш етті. Сахнаға шыққан әр қатысушы көрерменнің ықыласына бөленіп, өнерге деген сүйіспеншілігін көрсете білді.
Шығармашылық сайыстың басты ерекшелігі – қатысушылардың орындаушылық шеберлігін ғана емес, олардың сахнадағы өзін ұстауы, көрерменмен байланыс орнатуы және шығарманы жеткізу деңгейі де бағаланды. Осы арқылы ұйымдастырушылар жас өнерпаздардың жан-жақты дамуына жағдай жасауды көздеген.
Байқаудың әділ өтуін мәдениет пен өнер саласында тәжірибесі мол мамандардан құралған қазылар алқасы қадағалады. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Назқоңыр» ансамблінің жетекшісі Дәуренбек Әркенов, Мәдениет саласының үздігі, «Әуен» ансамблінің жетекшісі Камшат Насырова және Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Эстрадалық вокал» бөлімінің меңгерушісі Елена Недова болды. Қазылар әр қатысушының өнерін кәсіби тұрғыда саралап, орындау мәнері мен вокалдық дайындығына ерекше назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар үш жас санаты бойынша анықталды. 7-10 жас аралығындағы қатысушылар арасында Ақтоғай ауданының өкілі Медине Қайролла үздік деп танылып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Осакаров ауданынан келген Нұртілек Шаймұратқа бұйырса, үшінші орын Қарқаралы ауданының жас өнерпазы Көркем Болатқа берілді. 11-13 жас санатында Қарағанды қаласының қатысушысы Айсәуле Марат жеңімпаз атанды. Бұл топта Ақтоғай ауданынан келген Дильназ Сағындық екінші орынға ие болды. Ал үшінші орын Осакаров ауданының намысын қорғаған Кәусар Аманкелдіге табысталды. Ең тартысты бәсекенің бірі 14-18 жас аралығындағы орындаушылар арасында өтті. Бұл санатта Теміртау қаласының өнерпазы Нұрсая Рзағали үздік нәтиже көрсетіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орын Шахтинск қаласындағы «Балауса» вокалдық тобына берілсе, үшінші орынды Топар кентінің жас әншісі Інжу Жанымхан иеленді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар өңірдегі талантты жастарды анықтап қана қоймай, олардың шығармашылық тұрғыда дамуына үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар жас өнерпаздардың тәжірибе алмасуына, жаңа достар тауып, кәсіби орта қалыптастыруына жол ашады.
Салтанатты марапаттау рәсімінде барлық қатысушыларға арнайы Алғыс хаттар табысталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қазылар алқасы мен мәдениет саласының өкілдері жас таланттарға шығармашылық табыс тілеп, олардың болашақта үлкен сахналардан көрінетініне сенім білдірді.
Өнер додасы тағы бір мәрте Қарағанды облысында талантты жастардың аз еместігін көрсетті. «Сарыарқа жұлдызы» байқауы көптеген жас орындаушы үшін үлкен өнер жолына бастайтын маңызды баспалдаққа айналып, олардың жаңа жетістіктерге ұмтылуына серпін берді. Осындай жобалар арқылы ұлттық мәдениетке жаңаша серпін беретін жаңа буын қалыптасып келеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

