Қарағанды нейрохирургияның ғылыми алаңына айналды
Қарағанды қаласы еліміздің жетекші нейрохирургтарын бір алаңға жинады. Облыс орталығында Қазақстан нейрохирургтарының VI конгресі өтіп, оған отандық медицинаның білікті мамандары, ғалымдар мен тәжірибелі дәрігерлер қатысты.
Екі күнге созылған ауқымды жиын барысында қатысушылар жүйке жүйесі ауруларын емдеудің заманауи тәсілдерін талқылап, жоғары технологиялық медициналық көмектің даму бағыттарын саралады. Сонымен қатар саладағы соңғы ғылыми жетістіктер мен инновациялық технологиялар таныстырылды. Биылғы конгресс Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды. Форумға еліміздің әр өңірінен келген мамандар қатысып, тәжірибе алмасу мен кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік алды. Конгресс президенті, Қарағанды облысының бас штаттан тыс нейрохирургі Ғабит Махамбаев өңірдегі нейрохирургия мектебінің қалыптасқан дәстүріне тоқталып, Қарағандының медициналық ғылым мен тәжірибенің маңызды орталықтарының біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, нейрохирургия – медицинадағы ең күрделі әрі жауапты салалардың бірі. Бұл бағыттағы әрбір жетістік мыңдаған пациенттің өмір сапасын жақсартып, олардың қалыпты өмірге оралуына жол ашады. Конгреске қатысушыларды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Таурбеков құттықтап, өңірде жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Бүгінде профессор Х.М. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана базасында жұмыс істейтін Нейрохирургия және неврология орталығы еліміздегі ең ірі мамандандырылған медициналық мекемелердің бірі саналады. Мұнда жыл сайын алты мыңнан астам пациент ем алып, екі мыңға жуық күрделі операция жасалады. Форум барысында инсультті емдеудің жаңа әдістері, ми мен жұлын аурулары хирургиясы, нейроонкология, эндоскопиялық операциялар, нейромодуляция және нейронавигация технологиялары кеңінен талқыланды. Сондай-ақ мамандар ишемиялық инсульт кезіндегі механикалық тромбоэкстракция, ми аневризмаларын емдеу, балалар нейрохирургиясы және нейрореабилитация мәселелері бойынша баяндамалар жасады. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жолдаған құттықтау хатта қазақстандық нейрохирургияның халықаралық талаптарға сай дамып келе жатқаны атап өтілді. Қазіргі таңда еліміздің медициналық ұйымдары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, пациенттерге әлемдік стандарттарға сәйкес көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Мамандардың пікірінше, соңғы жылдары нейрохирургиялық көмектің қолжетімділігі айтарлықтай артқан. Бұрын тек ірі орталықтарда жасалатын күрделі операциялар бүгінде көптеген өңірлерде жүзеге асырылып келеді. Қарағандыда өткен VI конгресс сала мамандары үшін тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, отандық нейрохирургияны жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды кәсіби диалогқа айналды. Форумда көтерілген бастамалар мен ұсыныстар алдағы уақытта медициналық көмектің сапасын арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге серпін бермек.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

