Жастарға жасалған қолдау – ел болашағына салынған инвестиция
Қазақстанда жастар саясатын дамыту және дарынды жас буынды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы жылдары талантты жастардың ғылымда, мәдениетте, өнерде, спортта және кәсіпкерлік саласында өзін-өзі жүзеге асыруына кең мүмкіндік беретін бірқатар бағдарламалар қолға алынды.
Жас буынның шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан түрлі гранттар мен сыйлықтар тағайындалып келеді. Соның ішінде ерекше маңызға ие марапаттардың бірі – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы. Бұл сыйлық ғылым, әдебиет, мәдениет, өнер және спорт салаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізген жастарға беріледі. Бүгінгі күнге дейін аталған сыйлықтың лауреаттары саны 380 адамға жеткен. Сыйлық иелеріне арнайы диплом, төсбелгі және 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.
Жастардың жаңа идеялары мен бастамаларын қолдауға бағытталған тағы бір маңызды жоба – «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты. Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылдан бері табысталып келе жатқан грант көлемі 3 миллион теңгені құрайды. Осы уақыт аралығында еліміздің 153 жас азаматы өз жобаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдауға ие болды.
Дарынды жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар Қарағанды облысында да жүйелі түрде жүргізілуде. Облыстық статистика деректеріне сәйкес, өңірде 14-34 жас аралығындағы 306 мыңнан астам жас тұрады. Бұл – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосып отырған маңызды қоғамдық топтардың бірі. Өңірде жастармен тұрақты жұмыс жүргізетін 14 Жастар ресурстық орталығы қызмет көрсетеді. Оның бірі облыстық деңгейде жұмыс істесе, қалғандары қалалар мен аудандарда орналасқан.
Бүгінде Қарағанды облысында жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына және қоғамдық өмірге араласуына бағытталған жаңа жобалар іске асырылуда. Мәселен, жастардың әлеуметтенуіне және еңбек нарығына бейімделуіне көмектесетін Next Urpaq жобасы қолға алынған. Сонымен қатар ауыл жастарының қабілетін дамытуға арналған «Ұлт қазынасы» жобасы екі мыңға жуық жасты қамтыған.
Өңірде жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Биыл «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы бес мыңға жуық жас маусымдық еңбекпен қамтылды. Бұл бастама жастардың еңбек тәжірибесін жинақтап қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етуде. Жастардың азаматтық белсенділігін арттыру мақсатында түрлі бастамаларға қолдау көрсетілуде. Қарағанды облысында ондаған жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Тек соңғы кезеңде жастардың 17 жобасы бойынша 77 ұйымға қолдау көрсетілген. Ал Jas Fund жобасы аясында 24 шығармашылық және интеллектуалдық бастама қаржыландырылған. Жастардың тұрғын үй мәселесін шешу де күн тәртібінен түскен емес. Облыста іске асырылып жатқан жастар ипотекасы бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 334 жас маман жеңілдетілген несие алып, баспаналы болған.
Мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген талантты жастар да мемлекеттік қолдауға ие. Жыл сайын мәдениет саласының 75 өкіліне мемлекеттік стипендия тағайындалады. Биыл оның көлемі екі есеге артып, 5 миллион теңгеге дейін жетті. Сонымен қатар дәстүрлі өнерді дәріптеуге арналған «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау көзделіп отыр.
Қазақстандық жастар үшін халықаралық білім беру мүмкіндіктері де кеңейіп келеді. «Болашақ», Erasmus+, DAAD, Fulbright және Chevening бағдарламалары арқылы мыңдаған жас шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтауда. Әсіресе креативті индустриялар мен өнер саласы бойынша қазақстандық жастар әлемдік деңгейдегі беделді оқу орындарында білімін жетілдіруде. Дарынды жастарды қолдау ісіне шығармашылық ұйымдар мен қоғамдық қорлар да белсенді араласуда. Соның бір мысалы ретінде өткен жылы құрылған BIRLIK көпұлтты ән-би ансамблін атауға болады. Ансамбль құрамына еліміздің әр өңірінен іріктелген жас музыканттар мен бишілер қабылданған.
Мемлекет тарапынан креативті индустрияны дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта жұмыс істейтін Креативті индустрияларды дамыту қоры талантты жастарды анықтауға, олардың жобаларын қаржыландыруға, инвестиция тартуға және қазақстандық шығармашылық өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруға қолдау көрсетуде. Сондай-ақ жыл сайын шығармашылық бағыттағы жоғары оқу орындарына 1000-нан астам білім гранты бөлінеді. Колледждерге арналған гранттар саны да 500-ден асады. Бұл жастардың кәсіби білім алуына және шығармашылық әлеуетін толық ашуына мүмкіндік береді.
Қарағанды облысында да жастар саясаты жаңа мазмұнмен толығып келеді. Өңірде жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, мәдени және қоғамдық өмірге тарту бағытындағы жобалар саны артып келеді. Бұл өз кезегінде жас буынның белсенділігін арттырып, олардың ел дамуына қосар үлесін күшейтуге жол ашуда. Сондықтан жастарды қолдауға бағытталған әрбір бастама – Қазақстанның болашағына салынған сенімді инвестиция.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

