Таза қала – саналы ұрпақтың таңдауы

Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Ал экологиялық мәдениет пен тазалыққа деген жауапкершілік бала кезден қалыптасқанда ғана қоғамда оң өзгерістер орын алады. Осы мақсатта елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндеп келеді.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарағанды қаласының Орталық саябағында өткен ерекше экологиялық акция осы бастаманың жарқын көрінісіне айналды. Шара барысында балалар мен олардың ата-аналары пластик бөтелкелерді балмұздаққа айырбастап, экологияға өз үлестерін қосты.

Акцияны «AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырды. Оның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызын түсіндіру және табиғатты қорғау дағдыларын бала кезден үйрету.

Жаздың алғашқы күні саябаққа келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Балалар қолдарына бос пластик бөтелкелерін ұстап келіп, оларды арнайы қабылдау орындарына тапсырды. Ал ұйымдастырушылар әр тапсырылған пластик үшін балаларға балмұздақ сыйлады.

Қарапайым көрінген бұл бастаманың тәрбиелік мәні зор. Өйткені бала қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын сөз жүзінде емес, нақты іс арқылы түсінеді. Табиғатқа тасталған бір бөтелкенің қоршаған ортаға зиян келтіретінін, ал оны қайта өңдеуге жіберудің пайдасын осындай шаралар арқылы тереңірек ұғынады.

Мамандардың айтуынша, экологиялық тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Егер ата-ана баласына қоқысты арнайы орынға тастауды, көшені ластамауды, табиғатты қорғауды үйретсе, ол болашақта қоршаған ортаға жанашыр азамат болып қалыптасады.

Бүгінде қаланың тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана байланысты емес. Әр тұрғын өз ауласын, көшесін, саябағын таза ұстауға жауапкершілікпен қарауы қажет. Өйткені таза қала – тұрғындардың мәдениеті мен санасының айнасы.

Акция барысында жиналған мыңдаған пластик бөтелке қайта өңдеу кәсіпорындарына жіберілді. Бұл қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, қалдықтарға екінші өмір сыйлауға мүмкіндік береді.

Қарағанды қаласының тұрғындары бұл күні мерекелік көңіл күймен қатар маңызды экологиялық сабақ алды. Балалар табиғатты қорғаудың әркімнің қолынан келетінін түсінсе, ата-аналар экологиялық тәрбиенің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте сезінді.

«Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаты да осы – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа деген жанашырлықты арттыру және тазалықты өмір салтына айналдыру. Себебі таза қала мен таза қоршаған орта үлкен жобалардан емес, әр адамның күнделікті қарапайым әрекеттерінен басталады.

Пластик бөтелкені қоқыс жәшігіне тастау, қалдықтарды сұрыптау, қоғамдық орындарды ластамау сияқты қарапайым қадамдардың өзі қоршаған ортаны сақтауға үлкен үлес қосады. Ал мұндай дағдыларды балалардың бойына ерте жастан сіңіру – келешек ұрпаққа жасалған ең үлкен қамқорлықтың бірі.

Қарағандыдағы бұл экологиялық акция табиғатты аялау мен қаланы таза ұстау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды шара болды. Ең бастысы, балалар тазалықтың құндылығын түсініп, табиғатқа жанашырлықпен қараудың үлгісін көрсетті. Демек, «Таза Қазақстан» идеясы дәл осындай игі бастамалар арқылы өміршең бола түседі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»