«Тіл шебері» байқауында кім шебер болды?

Қарағанды қаласында жастардың тілдік құзыретін, шешендік қабілетін және зияткерлік әлеуетін айқындауға бағытталған облыстық «Тіл шебері» байқауы өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқауға өңірдің әр қаласы мен ауданынан келген 18 бен 35 жас аралығындағы жастар қатысып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру деңгейін ғана емес, өз ойларын көпшілік алдында сауатты әрі нанымды жеткізе алу қабілетін де көрсетті.

Байқауды Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасына қарасты Ресурстық тіл орталығы ұйымдастырды. Өңірде он бес жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келе жатқан жоба жыл сайын мазмұндық тұрғыдан жетілдіріліп, қатысушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынуда. Биыл байқаудың форматы жаңартылып, оған студент жастармен қатар әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жас мамандар, педагогтер, әскери қызметкерлер мен өндіріс орындарының өкілдері қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар үш тілде түрлі тақырыптар бойынша пікір білдіріп, берілген тапсырмалар негізінде жедел шешім қабылдау, аудиториямен жұмыс істеу және өз көзқарасын дәлелдеу қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар олардың тарих, мәдениет, әдебиет, ғылым және қоғам өміріне қатысты білім деңгейі де сарапқа салынды.

Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаеваның айтуынша, мұндай жобалар жастардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына да ықпал етеді.

– Қазіргі қоғамда бірнеше тілді меңгерген, өз ойын анық әрі сауатты жеткізе алатын жастарға сұраныс жоғары. Сондықтан біз тілдік мәдениетті дамытуға бағытталған бастамаларды тұрақты түрде қолдап келеміз. Байқау қатысушыларының дайындық деңгейі жылдан жылға артып келеді. Бұл олардың білімге, өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысының жоғары екенін көрсетеді, – деді басқарма басшысы.

Мамандардың пікірінше, үштілділік қағидаты бүгінгі күні жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды тетіктерінің біріне айналып отыр. Қазақстанда мемлекеттік тілді дамыту саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанымен, халықаралық кеңістікте еркін әрекет ету үшін орыс және ағылшын тілдерін меңгерудің де маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда «Тіл шебері» байқауы жастардың тілдік білімін тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік беретін тиімді алаң.

Байқауға қатысушылардың бірі, «Сауат» білім беру орталығының ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Шұғыла Болатова мұндай жобалардың кәсіби дамуға серпін беретінін атап өтті.

– Осындай байқаулар адамдарды үнемі ізденуге жетелейді. Әртүрлі саланың мамандарымен танысып, тәжірибе алмасу арқылы жаңа көзқарастар қалыптасады. Бірнеше тілді меңгеру ақпаратты кең ауқымда қабылдауға және оны жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай жобалардың жастар үшін маңызы ерекше, – деді ол.

Қазылар алқасының мүшесі Ғазиза Смағұлова соңғы жылдары жастар арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясына деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын атап өтті.

– Бүгінгі жас буын қазақ тілін тек қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, ұлттық бірегейліктің маңызды бөлігі ретінде қабылдай бастады. Бұған білім беру жүйесі, мемлекеттік бағдарламалар және қоғамдық ортадағы өзгерістер оң әсерін тигізіп отыр, – деді ол.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Абай ауданының өкілі, Абай Құнанбайұлы атындағы №5 гимназия-мектебінің тарих пәні мұғалімі Биғали Шәметовке табысталды. Бірінші орынды Қарағанды техникалық университетінің студенті Самат Әсенбаев иеленсе, екінші орын Саран қалалық кезеңінің жеңімпазы, 44803 әскери бөлімінің взвод командирі Арсен Серікбайға бұйырды. Ал үшінші орынды Балқаш қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжінің зертханашысы Перизат Манапова қанжығасына байлады.

Сонымен қатар бірнеше қатысушы арнайы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар жастардың тілдік құзыретін жетілдіріп қана қоймай, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге де ықпал етеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»