Әлемді тамсандырған қазақ тазысы

Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен VIII халықаралық Ethnosport Culture Festival аясында қазақ халқының ұлттық мұрасының біріне айналған тазы тұқымы шетелдік көрерменнің ерекше назарын аударды. Әлемнің жиырмаға жуық елінен этноспорт жанашырлары, сарапшылар мен дәстүрлі мәдениет өкілдері жиналған халықаралық алаңда жерлесіміз Ағыбай Жасанбековтің «Ақбақай» атты тазысы көпшілік ықыласына бөленіп, арнайы марапатқа ие болды.

Фестиваль барысында Қазақстан делегациясы ұлттық аңшылық өнерді, саятшылық дәстүрлерді, бүркітшілік мәдениетті және қазақы тазының ерекшеліктерін кеңінен таныстырды. Шетелдік аудитория алдында алғаш рет көрсетілген «Ақбақай» өзінің сыртқы бітімімен ғана емес, сабырлы мінезімен, тектілігімен және аңшылыққа бейімділігімен де халықаралық мамандардың қызығушылығын тудырды. Көрме кезінде тазыны сатып алу жөнінде бірнеше ұсыныстың түсуі де қазақы ит тұқымдарына деген шетелдік қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартты.

Жиырма жылға жуық уақыттан бері қазақы тазы мен төбет өсірумен айналысып келе жатқан Ағыбай Жасанбековтің айтуынша, «Ақбақай» Маңғыстау өңірінен бір айлық кезінде әкелінген. Бүгінде екі жасқа толған тазы түрлі жарыстарға қатысып, қоян мен түлкі аулауға машықтанған тәжірибелі аңшы ит ретінде қалыптасқан. Оның иесі алдағы уақытта Балқаш қаласында қазақы тазының асыл тұқымын сақтау және көбейту бағытында арнайы питомник ашуды жоспарлап отыр.

– Қазақ тазысы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысымен, аңшылық дәстүрімен және мәдени болмысымен біте қайнасқан ерекше тұқым. Мұндай мұраны жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа аман жеткізу – бәрімізге ортақ жауапкершілік, – дейді Ағыбай Жасанбеков.

Соңғы жылдары мемлекет деңгейінде қазақы ит тұқымдарын қорғау мен насихаттау бағытындағы жұмыстардың күшейгені байқалады. Соның айқын дәлелдерінің бірі ретінде Қазақстанда жаңа мерекелік күннің бекітілуін атауға болады. Үкімет қаулысына сәйкес, енді жыл сайын 3 қыркүйек күні ресми түрде Қазақ тазысы мен төбеті күні болып бекітілді. Бұл шешім ұлттық құндылықтарды сақтау, асыл тұқымды иттердің генетикалық қорын қорғау және оларды халықаралық деңгейде таныту мақсатында қабылданды. Жаңа мерекенің енгізілуі тек символдық мәнге ие емес. Алдағы уақытта еліміздің өңірлерінде тазы мен төбетке арналған көрмелер, республикалық жарыстар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, кинологиялық форумдар және ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған мәдени шаралар өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қазақы ит тұқымдарын жүйелі түрде тіркеу, олардың асыл тұқымдық ерекшеліктерін сақтау және халықаралық кинологиялық ұйымдар деңгейінде танымал ету бағытындағы жұмыстарға да қосымша серпін берілмек.

Сарапшылар бұл бастама ұлттық мәдениетті дәріптеумен қатар, этнотуризмнің дамуына да оң ықпал ететінін атап өтеді. Себебі соңғы жылдары шетелдік туристер арасында қазақ халқының дәстүрлі аңшылық өнеріне, саятшылық мәдениетіне және тазы өсіру тәжірибесіне қызығушылық артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда қазақы тазы мен төбет күні ұлттық мұраны сақтау ғана емес, оны әлемдік деңгейде танытуға бағытталған маңызды қадамдардың біріне айналмақ.

Ыстамбұлдағы халықаралық фестивальде «Ақбақайдың» жоғары бағалануы да қазақ тазысының әлемдік деңгейде мойындала бастағанын көрсетеді. Ұлттық ит тұқымдарының беделін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау мен жеке азаматтардың бастамалары ұштасқан жағдайда қазақы тазы мен төбеттің болашағы бұрынғыдан да нығая түсетіні анық.

Ералы ҒАНИ,

«QH»