Тағылымды мюзикл көрермен жүрегінен орын алды

Қарағанды қалалық білім бөлімінің Әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес «Зияткерлік модернизация» жобасы аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы, ақын, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлт ұстазының ұлы жолы» атты мюзикл өтті. Тағылымы терең мәдени шара Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында ұйымдастырылды.

Аталған шараға Қарағанды қаласы білім бөлімінің Әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Төлеубике Байжігітова, мектеп директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагогтер, ата-аналар және қала мектептерінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағы комитеті мектеп-гимназия ұжымына 50 мың теңгелік сертификат табыстады. Мюзикл форматында ұсынылған қойылым көркемдік ізденісімен, мазмұн тереңдігімен ерекшеленді. Қойылым желісінде Ахмет Байтұрсынұлының балалық шағы, ұстаздық жолы, жайлауда дүниеге келген жаңа әннің тарихы, Алаш қозғалысындағы қызметі мен айыпталу кезеңдері сахналанды. Ән, би және театр өнері үйлесім тапқан әсерлі көріністер арқылы ұлт ұстазының өмір жолы көрерменге жан-жақты жеткізілді.

– Бұл шараның негізгі мақсаты – оқушыларға Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолын, ағартушылық қызметін, ұлт үшін атқарған еңбегін тереңірек таныту. Біз ұлт ұстазының мол мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруды көздедік. Сонымен қатар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беру де маңызды міндеттердің бірі болды. Қазіргі жас буынға тарихи тұлғаларды заманауи форматта таныстыру өте маңызды. Сондықтан біз театр, музыка, би өнерін біріктіре отырып, көрерменге әсерлі әрі мазмұнды қойылым ұсынуға тырыстық. Мюзикл жанры арқылы Ахмет Байтұрсынұлының өміріндегі маңызды кезеңдерді терең сезіндіре алдық деп ойлаймын. Оқушылар бұл жобаға үлкен қызығушылықпен қатысты. Әрбір оқушы өз рөлін жауапкершілікпен орындауға тырысты. Дайындық барысында олар тек сахналық шеберліктерін дамытып қана қоймай, Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын тереңірек таныды. Бұл олардың рухани дамуына да оң әсер етті деп есептеймін. Көрермендер қойылымнан ерекше әсер алғандарын айтты. Қала мектептерінің басшылары, педагогтер мен ата-аналар оқушылардың өнеріне жоғары баға беріп, мектеп ұжымына алғыстарын жеткізді. Мұндай қолдау біз үшін өте маңызды әрі алдағы жұмыстарымызға шабыт береді. Ұлттық тарихымызды, Алаш арыстарының мұрасын насихаттау – бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды бағыттардың бірі. Осындай мәдени-танымдық шаралар арқылы оқушылар елін, жерін, тілін құрметтеуді үйренеді. Біз тәрбиелеп отырған жас буын ұлттық рухы биік, білімді әрі шығармашыл азамат болып қалыптасады деп сенемін, – деді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп- гимназиясының директоры Сәуле Ізтілеуова.

Шара оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап қана қоймай, ұлттық мәдениетіміздің құндылықтарын терең түсінуге мүмкіндік берді. Мектеп-гимназия директорының басшылығымен ұйымдастырылған жоғары деңгейдегі қойылым көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Кеш соңында көрермендер өз пікірлерімен бөлісіп, мектеп ұжымына алғыстарын білдірді. Қазақ руханияты мен білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен мол мұрасын дәріптеген тағылымды шараға мектеп ұжымы мен оқушылар белсене қатысты. Қойылымның сценарийін жазып, дайындаған – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»