Жыр алыбы – Жамбыл Жабаев
Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада қазақ руханиятының көрнекті өкілі, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Жамбыл Жабаев: Ақын мұрасы – Қазақстан мен Ресейдің мәдени үндестігі» тақырыбында халықаралық онлайн-кездесу өтті. Қазақстан мен Ресейдің мәдени мекемелері мен ғылыми қауымдастық өкілдерінің басын қосқан жиын ақын мұрасын заманауи ғылыми көзқарас тұрғысынан зерделеуге және екі ел арасындағы рухани байланыстарды одан әрі нығайтуға арналды.
Шараға Ресей Ұлттық кітапханасының мамандары, Алматыдағы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі мен Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері онлайн форматта қатысса, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі мен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің өкілдері кездесуге тікелей қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Кездесу барысында қатысушылар Жамбыл Жабаевтың әдеби мұрасын әртүрлі қырынан талдап, оның шығармашылығының ұлттық мәдениетпен қатар әлемдік әдеби кеңістіктегі орнына назар аударды. Филология ғылымдарының кандидаты Лариса Харитонова өз баяндамасында ақын поэзиясының тарихи маңызымен қатар, оның халықтық дүниетанымды, адамгершілік құндылықтарды және қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлін сөз етіп, Жамбыл шығармаларының уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай келе жатқанын атап өтті.
Алматыдағы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінің экскурсоводы Сара Қуатқызы ақынның өмірі мен шығармашылық жолына қатысты тың мәліметтер ұсынып, музей қорында сақталған жеке заттары мен сирек фотосуреттер арқылы оның тұлғалық болмысын кеңінен таныстырды. Өз кезегінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің өкілі Ұлжан Мақсатқызы ақын мұрасын сақтау, зерттеу және көпшілікке насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Санкт-Петербург қаласынан онлайн қосылған Шушана Жабко Жамбыл есімінің Ресей жұртшылығы арасында, әсіресе Санкт-Петербург тұрғындары үшін ерекше мәнге ие екенін айтып, ақын шығармашылығының халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтудағы орнына тоқталды.
– Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңі Ұлы Отан соғысы жылдарында қоршауда қалған Ленинград тұрғындарына үлкен демеу болып, олардың рухын көтерген шығармалардың біріне айналды. Сол кезеңдегі ауыр сынақта адамдарға үміт сыйлаған бұл туынды бүгінгі күні де тарихи әрі рухани құндылығын сақтап отыр, – деді ол.
Жиын аясында Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің бөлім меңгерушісі Снежана Черкасова ақын тұлғасының бейнелеу өнеріндегі көрінісіне тоқталып, кескіндеме және графика жанрларындағы туындылар арқылы қалыптасқан Жамбыл бейнесінің көркемдік ерекшеліктерін саралады. Оның айтуынша, суретшілер шығармаларында ақын тұлғасы халық даналығының, рухани сабақтастықтың және ұлттық мәдениеттің символы ретінде көрініс табады.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған бұл кездесу Жамбыл Жабаев мұрасының уақыт өткен сайын маңызын жоймай, керісінше әртүрлі мәдениеттер мен халықтарды жақындастыратын рухани құндылық ретінде бағаланып келе жатқанын көрсетті. Сонымен қатар басқосу ғылыми және мәдени ынтымақтастықты дамытуға ықпал етіп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің шығармашылық мұрасын жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

