Арнайы әлуметтік қызметтер көрсетер орталыққа жаңа көлік
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандандырылған орталыққа барып, тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтады. Кездесу барысында өңір басшысы балалардың білім алуына, оңалту шараларына және түрлі мәдени-танымдық шараларға қатысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында орталыққа жаңа автобус сыйға тартты.
Мерекелік шара барысында орталықта соңғы жылдары жүзеге асырылған жаңғырту жұмыстарының нәтижелері таныстырылды. Бүгінде мекеме инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізілген, аумақ толық абаттандырылған, ал балалардың денсаулығын нығайту мен оңалтуға арналған бассейн құрылысы аяқталу сатысына жеткен. Сонымен қатар тәрбиеленушілердің қажеттіліктеріне бейімделген заманауи оңалту және дамыту құралдары сатып алынып, мамандардың жұмыс істеуіне және балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа орта қалыптастырылған.
Өңір басшысы балаларға арналған әлеуметтік мекемелерді дамыту мемлекет пен қоғамның тұрақты назарындағы бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Соңғы жылдары орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және тәрбиеленушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ғимараттарды жаңарту, аумақты көркейту, жаңа нысандар салу және заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстарының барлығы балалардың сапалы оңалту қызметтерін алуына, білім мен тәрбие үдерісіне толыққанды қатысуына және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына бағытталған, – деді облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Мерекелік кездесуге «Baquatty Aimaq Qory» ҚҚ құрылтайшысы Долорес Пішенбаева да қатысып, тәрбиеленушілерге ізгі тілегін білдірді. Ол орталықты жаңғырту жобасы басталған сәттен бастап негізгі назар балалардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ олардың жеке қабілеттерін дамытуға қолайлы орта қалыптастыруға аударылғанын айтты.
Оның сөзінше, соңғы екі жыл ішінде жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесінде мекеме тәрбиеленушілердің қажеттіліктеріне барынша бейімделген заманауи орталыққа айналып келеді. Мұнда балалардың денсаулығын қалпына келтіруге, білім алуына, шығармашылықпен айналысуына және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасалған.
– Біз жаңғырту жобасын қолға алған кезде ең алдымен балалардың қажеттіліктерін ескеруге тырыстық. Әр тәрбиеленуші өзін қауіпсіз әрі жайлы сезініп, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізе алатын орта қалыптастыру негізгі мақсатымыз болды. Мұндай нәтижеге жету жолында орталық ұжымының, серіктестердің және жобаны қолдаған азаматтардың еңбегі зор, сондықтан олардың барлығына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Долорес Пішенбаева.
Соңғы жылдары Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударылып келеді. Соның аясында өңірлердегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту, оңалту қызметтерінің сапасын арттыру және инклюзивті орта қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қарағанды облысындағы мамандандырылған орталықта атқарылған жаңғырту шаралары да осы бастамалардың нақты көрінісі.
Мерекелік кездесу барысында балаларға арнайы сыйлықтар табысталып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Қонақтар тәрбиеленушілермен жүздесіп, олардың шығармашылық және спорттық жетістіктерімен танысты.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

