Есірткісіз қоғам — сау ұрпақ

Қарағанды қаласында 26 маусым – Халықаралық есірткіге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылатын дәстүрлі шаралар аясында есірткіге қарсы айлықтың ашылуы өтті. Кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқанының негізгі мақсаты – тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың назарын спортқа, белсенді өмірге және дұрыс өмірлік құндылықтарға аудару арқылы зиянды әдеттердің алдын алу.

Айлықтың басталуына арналған алғашқы акция Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылып, оған еріктілер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, студенттер, мектеп оқушылары және белсенді азаматтар қатысты. Бір алаңға жиналған қатысушылар қоғамдағы есірткі мәселесіне бейжай қарамайтындарын білдіріп, зиянды заттардың таралуына қарсы ортақ ұстанымдарын көрсетті. Шара барысында сөз сөйлеген Қарағанды облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қайыржан Тоқубаев жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігі мемлекет пен қоғам үшін басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті.

– Елдің ертеңі саналатын жастардың дұрыс таңдау жасап, денсаулықты, білім мен дамуды, спорт пен белсенді өмір салтын басымдық ретінде қоятынына сеніміміз мол. Сондықтан есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жас ұрпақты мұндай қауіптен қорғау бағытындағы шараларды жүйелі түрде жалғастыру маңызды, – деді ол.

Шара аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атынан Қарағанды облысы полиция департаменті жанындағы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері Гүлнұр Көкиева мен Баян Мәмитова марапатталды. Оларға жастар арасында профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыруға қосқан үлесі мен есірткіге қарсы насихатты дамытудағы белсенді қызметі үшін Құрмет грамоталары табыс етілді.

Өңірде есірткі қылмыстарының алдын алу және олардың жолын кесу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі де назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында екі есірткі зертханасы мен екі фитозертхана анықталып, аса ірі көлемдегі есірткі құралдарын заңсыз сақтауға қатысты бес дерек тіркелді. Сонымен қатар улы заттардың заңсыз айналымына байланысты бес құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, есірткі заттарын өткізудің 37 фактісі анықталды.

Құқық қорғау органдары жүргізген арнайы операциялардың нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 302 келі есірткі заты мен төрт тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Сондай-ақ есірткі таратуға қатысы бар деген күдікпен 35 адам ұсталып, олардың қатарында екі әйел мен екі кәмелетке толмаған азаматтың болуы бұл мәселенің өзектілігін және оған қарсы күрестің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Мамандардың пікірінше, мұндай профилактикалық шаралар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, жастар арасында есірткіге төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ қоғам назарын қауіптің алдын алуға бағытталған жұмыстарға аударуға мүмкіндік береді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»