Қарағандыда 500-ден астам жастың басын қосқан «BirTolqynda» диалог алаңы өтті
Қарағандыда облыстың түкпір-түкпірінен келген 500-ден астам жастың басын қосқан «Bir Tolqynda» диалог алаңы өтті. Іс-шара жастар мен қоғам және саясат өкілдері арасындағы ашық пікір алмасу алаңына айналып, ел болашағы мен жастардың қоғамдағы рөлі туралы маңызды мәселелер талқыланды.
Диалог алаңын «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты — жастарды қоғамдық-саяси өмірге тарту, олардың саяси сауаттылығын арттыру және билік өкілдері мен жастар арасында ашық диалог орнату.
Іс-шара спикерлері қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Акерке Искандерова, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, сондай-ақ планка бойынша Қазақстан рекордсмені, жас кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Сымбат Бейсембаев болды.
Кездесу барысында спикерлер өздерінің өмірлік және кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, партияның қызметі, жастарға арналған жобалар мен бастамалар туралы айтып берді. Сонымен қатар қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жастар саясаты, еріктілер қозғалысын дамыту, жас мамандарды қолдау, кәсіпкерлік пен қоғамдық белсенділік тақырыптарын талқылады.
Қатысушылар арасында іс-шараның еркін форматта өтуі ерекше қызығушылық тудырды. Жастар спикерлермен ашық сөйлесіп, өз ойларын еркін жеткізіп, маңызды сұрақтарға нақты жауап ала алды.
«Бүгін Мәжіліс депутатына жастар және еріктілер ұйымдарының дамуына қатысты сұрақтар қою мүмкіндігі туды. Жалпы іс-шара өте ұнады. Біз спикерлермен еркін сөйлесіп, өзекті тақырыптарды талқыладық. Сонымен қатар керемет концерттік бағдарлама ұйымдастырылды», — деді шара қатысушысы Кеңес Жолдасбек.
Диалог алаңымен қатар қатысушылар үшін өңірдің шығармашыл жастарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат іс-шараны жастар үшін әрі пайдалы, әрі қызықты етеді.
Ұйымдастырушылар «BirTolqynda» диалог алаңы жастардың пікірін тыңдап, белсенді әрі бастамашыл жастарды қолдауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар мұндай кездесулер жастарға қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлесін қосуға нақты мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Кездесу соңында қатысушылар осындай ашық форматтағы алаңдардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Олардың пікірінше, жастар мен билік өкілдері арасындағы ашық диалог белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырып, жастардың қоғамдық-саяси өмірге қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай диалог алаңдары алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетін болады. Себебі бүгінгі таңда жастар арасында осындай ашық әрі еркін форматтағы кездесулерге сұраныс жоғары.

