Кесілген ағаштың дауы

Қарағандыда заңсыз кесілген ағаштарға қатысты дау төрт жылдан бері шешімін таппай келеді. Сот шешімі шыққанымен, өтемақы ретінде отырғызылуы тиіс көшеттер әлі күнге дейін егілмеген. Қоғам белсенділері мемлекеттік органдардың әрекетсіздігіне наразы болса, жауаптылар ағаш отырғызу жұмыстары биыл басталатынына сендіріп отыр.

 

Әңгіме «Малинка» бағы аумағындағы ағаштардың жаппай кесілуі туралы. Тұрғындар бұл мәселеге алғаш рет 2022 жылдың қараша айында дабыл қаққан болатын. Сол кезде редакцияға қала тұрғындарынан ондаған шағым түскен. Олардың айтуынша, 30 жыл бойы өсіп тұрған жасыл желектер, соның ішінде құнды ағаш түрлері заңсыз оталып, түбірлерімен бірге әкетілген.

Қоғам белсендісі Павел Подвигиннің айтуынша, кесілген ағаштардың саны аз болмаған.

– «Малинка» бағының аумағында барлығы 232 ағаш болған. Соның ішінде 144 ағаш кесіліп кетті. Оның арасында үлкен қарағайлар, қайыңдар және басқа да ағаш түрлері бар еді, – дейді ол.

Кейін анықталғандай, құрылыс салушы компания ағаштарды кесуге ешқандай рұқсат алмаған. Нәтижесінде аудандық әкімдік 144 ағаштың заңсыз оталғанын ресми түрде тіркеді. Компанияға 17 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, өтемақы ретінде 7 200 түп көшет отырғызу міндеттелген.

Алайда арада төрт жылға жуық уақыт өтсе де, сот шешімі толық орындалмай отыр. Айыппұл өндірілгенімен, ағаш отырғызу мәселесі әлі де созбаққа салынған.

Қоғам белсендісі Павел Подвигин мемлекеттік органдардың әрекетіне сын айтты.

– Прокурор бұл мәселеге байланысты бірнеше сот процесі өткенін түсіндірді. Аудан әкімдігі сотқа жүгінді, іс тіпті Жоғарғы сотқа дейін жетті. Бірақ барлық инстанцияда жеңіліп қалды. Соған қарамастан, бүгінгі таңда сот шешімінің нақты орындалып жатқанын көріп отырған жоқпыз. Мемлекеттік органдар тарапынан әрекетсіздік байқалады. Қолымызда заңды күшіне енген сот шешімі тұрғанда, қандай медиативтік келісім туралы сөз болуы мүмкін? Сот шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс. Бұл тек ағаш мәселесі емес, бұл – заңның орындалуы мен экологияға деген жауапкершілік мәселесі, – дейді белсенді.

Экологтар мен тұрғындардың айтуынша, кесілген ағаштардың орны әлі күнге дейін бос тұр. Ал ондаған жыл бойы қалыптасқан жасыл аймақты қайта қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт қажет болады.

Жауапты мекемелер болса, көшет отырғызу жұмыстары биыл басталатынын мәлімдеді. Алайда қоғам белсенділері нақты нәтиже болмайынша, мәселе бақылауда қала беретінін айтып отыр.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»