Қала инфрақұрылымын дамыту басты назарда

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары өткен жылғы бюджет қаржысының игерілу қорытындыларын қарады. Жиында Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі мен Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары бюджеттік бағдарламалардың орындалуы және жоспарланған көрсеткіштердің жүзеге асуы жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру, аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары басты назарға алынды.

Басқосуды Қарағанды қалалық мәслихатының экономика, бюджет және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Денис Дедов жүргізді. Әлихан Бөкейхан ауданы әкімдігі аппараты 6 бюджеттік бағдарламаны іске асырған. Олардың ішінде аудан әкімі қызметін қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру, санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстары бар. Жалпы алғанда, бюджетті игеру көрсеткіші 99,2 пайызды құрады.

– Елдімекендерді абаттандыру және көгалдандыруға арналған бюджеттік бағдарлама бойынша 61 миллион 846 мың теңге көлемінде қаржы игерілмей қалды. Бұған қызмет көрсетушілердің шарттық міндеттемелерді орындамауы және сот процестерінің жүргізілуі себеп болып, соның салдарынан қаражат толық көлемде пайдаланылмаған, – деді Ә.Бөкейхан атындағы аудан әкімі Досбол Күлекеев.

Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің аппараты есепті кезеңде 7 бюджеттік бағдарламаны іске асырды. Жұмыстың тиімділік деңгейі 99,6 пайызды құрады. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде 65 жоба әзірленді. Жаңғырту жұмыстары қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды қамтыды. Сонымен қатар төрт гүлзарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Бұқар жырау даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылды.

– Аталған бағдарламалар аясында Бұқар жырау даңғылын абаттандыру, Ту тұғыры артындағы гүлзарды жаңарту, Станиславский театры алдындағы гүлзарды көркейту, сондай-ақ Нұркен Әбдіров көшесіндегі екі аулаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде 61 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар Язева көшесінде, шағын ауданда және Кеншілер даңғылы бойында орналасқан төрт сквер абаттандырылды, – дейді Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Дидар Қабаев.

Бөлінген қаржы аясында төтенше жағдайлар бағыты бойынша бірқатар шара атқарылды. Гапеев көшесінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпті плиталар алынып тасталды. Талқылау барысында депутаттар елді мекендерді жарықтандыру мәселесіне қатысты сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді.

– Қазіргі таңда мұнда небәрі 6 жарықтандыру бағаны ғана бар. Бұл – бұрыннан қалған ескі бағандар, олардың арматуралары сыртқа шығып, кейбірі қисайып кеткен. Тоқ өткізуі мүмкін екі баған тұрғындар үшін қауіп төндіреді, – дейді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Қуанышбек Аданов.

Сондай-ақ елдімекендерді көгалдандыру және абаттандыруға қатысты мәселелер де талқыланды.

– Қалада жайлы демалыс аймақтарын құру жұмыстары әлі де жеткілікті деңгейде жолға қойылмай отыр. Мәселен, Чкалов көшесі, 7 мекенжайында зейнеткерлер жиі жиналатын орын болғанымен, аялдамада отыруға арналған орындықтар қарастырылмаған, – деп атап өтті Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Михаил Кузив.

Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 128-бабына сәйкес, 2025 жылғы бюджеттің орындалу барысы қалалық мәслихаттың алдағы сессиясында қаралатын болады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»