Кеміргіштен келетін қауіп: хантавирусқа сақ болу қажет

Әлемдік ақпарат құралдарында круиздік лайнерде қауіпті хантавирус инфекциясының таралуы туралы хабар тараған соң, қоғамда алаңдаушылық күшейді. Осыған байланысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ресми мәлімдеме жасап, ел аумағында жаппай қауіп жоқ екенін хабарлады. Дегенмен мамандар сақтық шараларын естен шығармауға шақырады.

Хантавирус – кеміргіштер, әсіресе тышқандар мен егеуқұйрықтар арқылы таралатын ауыр инфекциялық ауру. Вирус адамға тістеу арқылы емес, негізінен ауа-шаң жолымен жұғады. Яғни, кеміргіштер жүрген ескі қоралар, жертөлелер немесе ластанған орындарды тазалау кезінде шаңды жұту жеткілікті болуы мүмкін.

Ауру ағзаға түскен жағдайда бүйрек пен өкпені зақымдап, асқынған кезде өмірге қауіп төндіреді. Қазақстанда мұндай жағдайлар жыл сайын тіркеліп отырады. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 2000 жылдан бері хантавирустың жергілікті түрі – бүйрек синдромымен қатар жүретін геморрагиялық қызба анықталып келеді. Өткен жылдың тоғыз айында ғана 22 жағдай тіркелген.

Дегенмен Еуропа бағытындағы круиздік кемеде анықталған ауыр түрдегі жағдайлар Қазақстанда тіркелмеген. Соған қарамастан, мамандар қарапайым, бірақ маңызды сақтық ережелерін ұстану қажет екенін ескертеді.

– Ең бастысы – кеміргіштер бар немесе болған жерлерді мұқият тазалау. Жертөлелер мен қоймаларда міндетті түрде дератизация жүргізілуі керек. Шаң көтерілетін орындарды тазалағанда маска тағу қажет. Сонымен қатар, кеміргіштер бүлдірген тағамды тұтынуға болмайды, – деп ескертеді дәрігерлер.

Мамандардың айтуынша, хантавирусқа қарсы арнайы вакцина әзірге жоқ. Сондықтан негізгі қорғаныс тәсілі – алдын алу шараларын қатаң сақтау.

Денсаулық сақтау саласының өкілдері тұрғындарды әсіресе ауылдық жерлерде, қойма, жертөле және ескі ғимараттарда тазалық пен қауіпсіздік талаптарын күшейтуге шақырады. Қарапайым сақтық ережелері сақталған жағдайда қауіпті инфекцияның алдын алуға толық мүмкіндік бар.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»