Ұлттық өнерге тағзым

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы жанынан құрылған «Томирис» қобызшылар ансамблі Қарағанды қаласында өнер көрсетіп, ұлттық музыканың сырлы әуенін көрерменге тарту етті. Алматы қаласынан келген өнер ұжымы концерт барысында қазақтың дәстүрлі күйлері мен заманауи шығармаларын орындап, тыңдарманға ерекше әсер сыйлады.

Кеште көрермендер қазақтың дәстүрлі күйлерімен бірге заманауи бағыттағы шығармаларды да тамашалады. Қобыздың сырлы сазы мен ансамбль мүшелерінің шебер үйлесімі тыңдарманға ерекше көңіл күй сыйлады. Концерт бағдарламасы ұлттық музыканың бай мұрасын жаңаша қырынан көрсетіп, көрермен жүрегінен орын алды.

– Ансамбль студенттердің сахнада тәжірибе жинақтап, кәсіби музыканттармен бірге өнер көрсетуіне мүмкіндік беру мақсатында құрылған. Ұжым мүшелері бұл іске үлкен ықыласпен қарайды. Костюмдерімізді өзіміз дайындап, іссапарларымызды да өз күшімізбен ұйымдастырамыз. Ансамбльдің басты мақсаты – өнер арқылы тәжірибе алмасып, шығармашылықты дамыту. Бағдарлама барысында солистер жеке шығармаларын орындап, мен де жеке орындаумен сахнаға шығамын. Көрерменге мазмұнды әрі әсерлі концерттік бағдарлама ұсынуға тырыстық, – деді ансамбль жетекшісі Гүлнұр Сарғызова.

Музыкалық кеш барысында көрермен назарына жеке орындаулармен қатар ансамбльдік туындылар да ұсынылды. Сахнадағы әрбір шығарма орындаушылардың кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп, концерттік бағдарлама әсерлі атмосфера сыйлады.

– Ансамбльдің бұл деңгейге жетуі ұзақ дайындық пен үлкен еңбектің нәтижесі болды. Ұжым болып бір шығарманы бірдей сезініп, ортақ үн мен үйлесімді орындау – өте күрделі процесс. Әр музыканттың орындау мәнері әртүрлі болғандықтан, барлығын бір арнаға тоғыстыру үшін көп жұмыс атқарылды. Жетекшіміз сахна мәдениеті, орындаушылық нюанстар мен отырыс тәртібіне дейін ерекше мән беріп, үлкен еңбек сіңірді. Сол дайындықтың арқасында бүгінде гастрольдік сапарларға шығып, өнерімізді кеңінен таныстырып жүрміз. Алдағы уақытта да ансамбльдің шығармашылық жоспары мен мақсаттары ауқымды, – дейді ансамбль мүшесі Жұмабике Байтықова.

Кешке келген өнер жанашырлары мұндай концерттердің ұлттық мәдениетті насихаттап, рухани құндылықтарды дәріптеудегі маңызы зор екенін атап өтті.

– Бүгінгі концерт жоғары деңгейде дайындалған бағдарламасымен және заманауи бағытта өңделген шығармаларымен ерекше әсер қалдырды. «Томирис» қобызшылар ансамблінің орындау шеберлігі көрермен көңілінен шықты. Ұжымның шығармашылық табыстары артып, ел руханиятына үлес қосар жаңа туындылары көбейе берсін деген тілек білдіреміз, – деп атап өтті көрермен Сәлдет Шаймұратұлы.

«Томирис» қобызшылар ансамблі 2025 жылы өз жұмысын бастады. Құрылған уақыттан бері ұжым бірнеше қалада концерттік бағдарламаларын ұсынып, тыңдарманның ыстық ықыласына ие болды. Ансамбль алдағы уақытта да шығармашылық бағыттағы сапарларын жалғастырып, өнерін кеңінен насихаттауды мақсат етеді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»