«Таза Қазақстан»: Қарағандыда экожаңғыру бағыты күшейді
Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» жобасын іске асыруға бағытталған іс-қимыл жоспары жаңартылды. 2029 жылға дейін есептелген құжат өңірді экологиялық тұрғыдан таза әрі жасыл аймаққа айналдыруды көздейді. Жаңартылған жоспарды облыстық мәслихат депутаттары бекітті.
Жоба аясында бірқатар жаңа бағыттар енгізілді. Енді қала аумағында экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтайтын бейнебақылау камераларының саны артпақ. Бұл қоғамдық тәртіпті бақылаумен қатар, қоршаған ортаны ластаудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында автоматты суару жүйелері енгізіліп, суды үнемдейтін заманауи технологияларды кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Бұл әсіресе жасыл желектерді күтіп-баптауда маңызды рөл атқарады.
Жоспарда экологиялық көлікті дамытуға да ерекше назар аударылған. Веложолдар желісі кеңейтіліп, электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын орнату көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде қаладағы көлік жүктемесін азайтып, ауа сапасын жақсартуға ықпал етпек.
Қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру да негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Халық көп шоғырланатын орындарға арнайы контейнерлер мен фандоматтар орнатылады. Олардың көмегімен пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды тапсырып, тұрғындар шағын ақшалай бонус ала алады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев депутаттарды жобаның орындалуын қатаң бақылауда ұстауға шақырды. Оның айтуынша, енгізіліп отырған өзгерістер өңір экологиясын жақсартуда маңызды рөл атқарады, ал тұрғындар «Таза Қазақстан» бастамасын қазірдің өзінде қолдап отыр.
Жаңартылған жоспардың басты мақсаты – тек тазалықты сақтау ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыру.

