Сәби сүю бақыты

Ата-ана атану әрдайым оңайлықпен келе бермейді. Кейбір отбасылар үшін бұл – ұзақ күту мен үлкен сабырды талап ететін өмір жолы. Көптеген ерлі-зайыпты әр айды үмітпен қарсы алып, «бәлкім, осы жолы болар» деген сеніммен өмір сүреді. Бұл — сәбидің алғашқы үнін естуді, кішкентай алақанын ұстауды, «біздің баламыз дүниеге келді» деп айтатын күнді аңсаумен байланысты арман.

Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жүзеге асырылып жатқан экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламасы көптеген отбасыларға үміт сыйлады. Ұзақ жылдар бойы ем нәтиже бермей, тек сенім ғана қалған сәтте бұл бағдарлама олардың бала сүю арманына бір қадам жақындауына мүмкіндік болды.

Осындай отбасылардың бірі – Жандос пен Жансая. Олар ата-ана болу бақытына алты жыл бойы қол жеткізе алмай, талай қиындықты бастан өткерген. Дегенмен сол жылдар олардың өзара қолдауы мен бір-біріне деген сенімін одан әрі нығайтқан.

Отбасының ақсақалы Намазбек ата сол күндерді былай еске алады:

– Балалардың бармаған жері қалмады. Түрлі клиникаларға да, тіпті емшілерге де барды. Өте ұзақ күтті. Бірақ үміттерін үзген жоқ. Бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі, сабырлығы осы күнге жеткізді.

Айта кетерлігі, мұндай жағдай олардың әулетінде бұрын да болған. Намазбек атаның ата-анасы да тұңғыш сәбилерін сегіз жыл күткен екен. Сондықтан бұл отбасында үміт пен сенім ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылық іспетті.

2022 жылдың қараша айында ерлі-зайыптылар «Ақжан» клиникасына жүгінгеннен кейін олардың өмірінде жаңа мүмкіндік пайда болды. Дәрігерлер МӘМС аясында ЭКҰ бағдарламасына қатысуға болатынын түсіндіріп, 2023 жылдың қаңтарынан бастап қажетті рәсімдерді бастауға мүмкіндік берілген.

2023 жылдың басынан бастап олар барлық тексерулерден өтіп, дәрігерлердің ұсынымдарын мұқият орындады. Сол жылдың сәуір айында ЭКҰ бағдарламасының негізгі кезеңдерінің бірі – эмбрионды көшіру процедурасы жасалды.

Нәтижесінде 2023 жылдың 8 желтоқсанында олардың тұңғыштары – Жанторе дүниеге келді. Ал 2026 жылдың 25 қаңтарында отбасында Бегімай есімді қыз бала өмірге келді. Екі сәби де ЭКҰ бағдарламасының көмегімен дүниеге келген.

Бүгінде ата-анасы ғана емес, ата-әжесі мен барлық туған-туыстары бұл қуанышты ерекше ықыласпен бөлісіп отыр.

– Бұл – біз үшін үлкен бақыт. Осындай мүмкіндік сыйлаған дәрігерлерге және медициналық сақтандыру жүйесіне алғысымыз шексіз, – дейді Жансая.

Тағы бір тағдыр – Құндыздың отбасы. Бұл оқиға бала дүниеге келгеннен кейін де түрлі қиындықтардың болуы мүмкін екенін көрсетеді. Ерлі-зайыптылар ұзақ уақыт бойы үшінші сәбиін сүйе алмай, талай жыл күтумен өткізген.

– Дәрігердің кеңесін тыңдау өте маңызды. Ең бастысы – қорқынышқа бой алдырмау, – дейді Құндыз.

Осы сенімнің арқасында 2025 жылдың 3 желтоқсанында олардың Мариям есімді қыздары дүниеге келді.

Репродуктолог дәрігер Ирина Ивановнаның айтуынша, уақытылы медициналық көмекке жүгіну өте маңызды.

– Алғашқы қадам – тіркелген емханадағы акушер-гинекологқа қаралу. Қажетті тексерулерден кейін көрсетілімдер болса, пациенттер ЭКҰ бағдарламасына жолдама алып, әрі қарай ем қабылдайды. Неғұрлым ертерек басталса, нәтиже де соғұрлым тиімді болады, – дейді маман.

Дәрігердің сөзінше, ЭКҰ бағдарламасының нәтижелілігі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2025 жылы тиімділік көрсеткіші шамамен 48 пайыз болса, 2026 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 56,8 пайызға жеткен.

МӘМС жүйесінің арқасында бүгінде көптеген отбасы ата-ана болу бақытына қол жеткізіп отыр. Бұл – медицинаның дамуы мен мемлекеттік қолдаудың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсететін жарқын мысал.

Қарағанды облысы бойынша медициналық сақтандыру қоры филиалының баспасөз қызметі