Миф пен қиял үндескен көрме
Қарағандыдағы Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана қабырғасында түркі мифтері мен аңыздарының желісімен жасалған ерекше қуыршақтар көрмесі ашылды. Жоба авторы – Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері, болашақ көркем еңбек мұғалімдері. Жастар көне мифтік кейіпкерлерді заманауи қиялмен ұштастырып, тың образдар ұсынған.
Көрмедегі ең әсерлі бейнелердің бірі – Жезтырнақ. Қазақ ертегілеріндегі тылсым кейіпкерді студент Айсана Әбіл жаңаша сипатта сомдаған. Жібек көйлектің жеңіне өткір тырнағын жасырған қанішер сұлу бейнесі көпшілікке бала күнгі қорқынышты еске салғандай әсер қалдырды. Бүгінде ұзын тырнақ сән индустриясының элементіне айналғанымен, мифтік кейіпкердің жұмбақ болмысы әлі де қызығушылық тудырады.
– Маған дәстүрлі емес, классикалық үлгіге жатпайтын образ ойлап табу қызық болды. Сондықтан кейіпкерді өз қиялым бойынша жасауға мүмкіндік бар ма деп сұрадым, – дейді Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Айсана Әбіл.
Көрмеде тек қорқынышты бейнелер ғана емес, ерлік символына айналған батырлар да бар. Солардың бірі – Алпамыс батыр. Студент Дарья Клевцова эпостық кейіпкерді батылдық пен қайсарлықтың үлгісі ретінде бейнелеген.
– Алпамыс батыр мен үшін ерлік пен батылдықтың символы. Оның тарихы махаббат пен күреске толы, – дейді студент Дарья Клевцова.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, мұндай шығармашылық жұмыстар жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық мифологияны жаңаша тануға мүмкіндік береді. Тіпті қарапайым материалдардың өзі студенттердің қолында аңыз кейіпкерлеріне айналған.
– Балалардың шығармашылық ізденісі өте жоғары. Осындай жобалар олардың қиялын дамытып, ұлттық құндылықтарға жақындата түседі деп сенемін, – дейді арнайы пәндер оқытушысы Нұржамал Құсайынова.
Көрмедегі ерекше туындылардың бірі – Жер-Су бейнесі. Студент София Шагеева табиғат қамқоршысын қазақы нақышпен үйлестіріп, су перісі стилінде жасаған. Автор кейіпкердің денесі мен құйрығына ұлттық ою-өрнек элементтерін енгізіп, басына дәстүрлі шекелік әшекей таққан.
– Маған міндетті түрде қазақы ою-өрнекті қолданғым келді. Барлық әшекейді өз қолыммен жасадым, – дейді София Шагеева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме мамыр айының соңына дейін жалғасады. Қарағандылықтар мен қала қонақтары түркі мифологиясының кейіпкерлерін жаңа қырынан танып, жас суретшілердің шығармашылығына куә бола алады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

