Жеңіс күні

Қарағанды облысында 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған шаралар кең көлемде тойланды. Өңірдің барлық қала-аудандарында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына орай еске алу рәсімдері ұйымдастырылып, майданда қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым жасалды.

Таңғы уақыттан бастап қарағандылықтар «Мәңгілік алау» мемориалына жиналып, гүл шоқтарын қойды. Жүздеген тұрғын майдангерлердің ерлігін еске алып, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырудың маңызын айтты.

Қарағанды қаласының тұрғыны Евгения Критович бұл күннің олардың отбасы үшін ерекше мәнге ие екенін жеткізді. Оның айтуынша, олар жыл сайын балаларын ертіп келіп, соғыс жылдарындағы ерлікті ұмытпауға тырысады.

– Біз жыл сайын Мәңгілік алауға келуге тырысамыз. Ұлымызды ертіп келеміз, ол бүгінгі бейбіт өмірімізге кімдердің арқасында қол жеткізгенімізді түсінсін дейміз. Біздің әжеміз тыл ардагері болған, сондықтан бұл естелікті сақтау біз үшін өте маңызды, – дейді Евгения Критович.

Мемориал алаңында өткен реквием-митингке Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен қала тұрғындары қатысты. Жиналған жұрт соғыс жылдарында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жеңіс күніне арналған шара аясында облыс басшылығы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнайы барып, мерекелік құттықтауларын жеткізді. Майдангерлерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты табысталып, олардың ерлігіне құрмет көрсетілді. Қазіргі таңда Қарағанды өңірінде соғысқа қатысқан алты ардагер тұрады. Солардың бірі – биыл 101 жасқа толған Мария Шинкевич. Ол жастайынан мергендер даярлайтын мектепте білім алып, небәрі 19 жасында майданға аттанған. 1945 жылдың тамызына дейін 3-Беларусь және Украина майдандарында әскери қызмет атқарған.

Мария Шинкевич соғыс жылдарындағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, сондай-ақ «Германияны жеңгені үшін» медалімен және басқа да наградалармен марапатталған. Соғыстан кейін де елді қалпына келтіру жұмыстарына белсенді араласқан.

Ардагердің айтуынша, Жеңіс күнін Прагада қарсы алған. Содан бері 9 мамыр оның өміріндегі ең қастерлі мерекелердің бірі болып келеді.

– Біз Жеңісті тағатсыздана күттік әрі бұл күннің міндетті түрде келеріне сендік. Бүгінде сол сәтті толқумен еске аламын. Жастарға адал еңбек етіп, үлкендерді құрметтеп, бір-біріне қамқор болуды тілеймін, – дейді Мария Шинкевич.

Тарихи деректерге сүйенсек, соғыс жылдары Қазақстаннан майданға 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанған. Оның ішінде Қарағанды облысынан шамамен 60 мыңға жуық азамат әскер қатарына шақырылып, 25 мыңнан астамы туған жеріне оралмаған. Өңірден шыққан 34 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, тағы 13 қарағандылық Даңқ орденінің толық кавалері атанған. Сонымен қатар Қарағандыда жасақталған 77-артиллериялық полк Сталинградтан бастап Братиславаға дейінгі ауыр жауынгерлік жолдан өткен.

Ералы ҒАНИ,

«QH»