Ардагерлер ән салады

Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында Жеңіс күніне арналған «Ардагерлер ән салады» атты хор ұжымдарының облыстық фестивалі өтті. Ауқымды мәдени шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің маңызын дәріптеп, ардагерлер шығармашылығын насихаттауға бағытталды.

Фестивальді Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар аға буын өкілдерінің өнерін қолдап қана қоймай, жастарға патриоттық тәрбие беруде де маңызды рөл атқарады. Сахна төрінде еңбек ардагерлерінен құралған хор ұжымдары өнер көрсетіп, соғыс жылдарындағы әндер мен халық шығармаларын орындады. Концерт барысында патриоттық рухтағы композициялар шырқалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Залға жиналған жұрт өнерпаздарды ыстық ықыласпен қарсы алып, әрбір әнді зор ықыласпен тыңдады.

Фестивальге Қарағанды облысының әр өңірінен келген өнер ұжымдары қатысты. Атап айтқанда, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарынан, сондай-ақ Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау және Шахтинск қалаларынан келген хор ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды. Жалпы саны 27 шығармашылық ұжымнан 580-нен астам өнерпаз сахнаға шығып, көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлады. Әр ұжым өз репертуарын ұсынып, халық әндері мен әскери жылдардағы танымал шығармаларды орындады.

Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі қатысушылардың жас ерекшелігі болды. Өнерпаздардың жасы 55 пен 90 жас аралығын қамтыды. Соған қарамастан, сахнадағы белсенділік пен шығармашылық жігер олардың өнерге деген сүйіспеншілігін айқын көрсетті.

Шара барысында соғыс жылдарындағы әндер ерекше ықыласпен орындалды. Бұл шығармалар көрермендерді тарихи кезеңдерге жетелеп, елдік рух пен бірліктің маңызын еске салды. Сонымен қатар фестиваль қонақтары халық әндері мен заманауи патриоттық туындыларды да тыңдады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ардагерлер ән салады» фестивалі ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық мәдениетті дәріптеуге ықпал етеді. Мұндай кездесулер арқылы жастар аға буынның өмірлік тәжірибесін көріп, тарихи жады мен дәстүр сабақтастығының маңызын тереңірек түсінеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»