Jastar Research Hub жас сарапшылар акселераторы
Қазақстанда қоғамдық-саяси, әлеуметтік, экономикалық және өзге де ғылым салаларында өзекті қоғамдық үдерістерді зерделеуге қызығушылық танытып, ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға атсалысып жүрген жас зерттеушілер мен сарапшылардың жаңа буыны қалыптасып келеді.
Жыл сайын дарынды жас ғалымдар мен талдаушылар қатары артып отыр. Сонымен бірге сарапшылардың кәсіби құзыреттерін жүйелі түрде жетілдіріп, мемлекеттік органдармен тұрақты өзара байланыс орнатуына, зерттеу нәтижелерін тәжірибеге ұсынуы мен енгізуіне мүмкіндік беретін тұрақты алаңдарды кеңейту қажеттілігі сақталады. Бұл әсіресе өңірлік деңгейде аса өзекті.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жобасы жас сарапшылардың кәсіби өсуіне қолайлы орта қалыптастыруға, зерттеу мәдениетін дамытуға, тәжірибе алмасуға және цифрландыру, әлеуметтік-мәдени өзгерістер мен азаматтық белсенділіктің жаңа формалары жағдайында мемлекеттік саясаттың заманауи сын-қатерлеріне тиімді жауап бере алатын тұрақты кадрлық резерв қалыптастыруға бағытталған.
Жоба Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы «Талдау мектебінің», Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының, «El Umiti» қорының «Kazakhstan Sociology Lab» әлеуметтанушылар мектебінің, сондай-ақ «PaperLab» зерттеу орталығының «Making New Experts» жобасының тәжірибесін ескере отырып әзірленді.
Жобаның мақсаты
Магистранттар мен докторанттардың аналитикалық және зерттеушілік құзыреттерін дамыту, мемлекеттік саясаттың, әлеуметтік және экономикалық салалардың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеп, оларды іске асыра алатын жас сарапшылар пулын қалыптастыру.
Жобаның міндеттері
Жас сарапшылардың жаңа буынын қалыптастыру.
Қатысушылардың аналитикалық және зерттеушілік дағдыларын жетілдіру.
Жобаға қатысушылардың баяндамалары мен идеяларын медиакеңістікте ілгерілету.
Қатысушыларды Парламенттің, Үкіметтің, орталық мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс топтарының сараптамалық қызметіне тарту.
Мемлекеттік саясат шеңберінде қабылданып жатқан шараларды түсіндіру мақсатында қатысушыларды талдамалық бағдарламаларға, сараптамалық кездесулерге және түрлі подкаст алаңдарына тарту.
Нысаналы аудитория
Магистратура мен докторантура студенттері. Байқауға қатысу үшін Орталықтың ресми сайтында жарияланған Google Forms сауалнамасын толтыру қажет.
Іске асыру тәртібі
1. Өтінімдерді қабылдау және іріктеу
Байқауға қатысуға өтінімдерді қабылдау мен іріктеуді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырады.
Өтінім қабылдау мерзімі: 2026 жылғы 4 мамырдан 4 маусымға дейін.
Өтінімдерді қарау қорытындысы бойынша 20 қатысушы іріктеледі. Финалистер мемлекеттік органдар мен қоғамдық сала өкілдерінен құралған Комиссияның шешімімен анықталады.
Іріктелген қатысушылар тізімі Орталықтың ресми сайтында 2026 жылғы 10 маусымда жарияланады.
2. Қатысушыларды бір апталық оқыту
Оқыту 2026 жылғы 15–19 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы базасында өткізіледі.
Бағдарлама аясында қазақстандық және халықаралық жетекші сарапшылардың қатысуымен кемінде 10 оқыту сессиясы, оның ішінде дәрістер, шеберлік сабақтары мен интенсивтер ұйымдастырылады.
Оқыту барысында қатысушыларға аналитикалық ойлау, көпшілік алдында сөз сөйлеу, баяндамалар әзірлеу, зерттеу әдіснамасы және талдамалық материал жазу дағдылары үйретіледі.
3. Оқу қорытындысы бойынша баяндамаларды таныстыру
Қатысушылар оқыту нәтижесінде әзірлеген баяндамаларын көпшілік алдында ұсынады.
4. Сертификаттар табыстау және сараптамалық орталықтарға таныстыру сапары
Қатысушыларға «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сертификаттары табысталады.
Сонымен қатар келесі ғылыми-зерттеу және талдау орталықтарына таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылады: Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Қазақстан қоғамдық даму институты, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты, Назарбаев Университеті жанындағы ISSAI институты.
Акселерация қорытындысы бойынша көзделетін шаралар
Үздік жұмыстар жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы платформаларында, соның ішінде әлеуметтік желілерде жарияланады.
Мәдени және талдау орталықтарына баруға арналған ваучерлер ұсынылады.
Үздік аналитикалық баяндамалар мен әзірленген ұсынымдар өзекті мәселелерді шешу үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жолданады.
Жас сарапшылар пулын ілгерілету мақсатында ұсынымдар тиісті органдарға жолданады.
Акселератор түлектерін жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетіледі.
5. Ықтимал зерттеу бағыттары
Жастар саясаты, инфрақұрылым, ұтқырлық және туризм. Бұл бағыт әлеуметтік сын-қатерлер, құндылықтар, бірегейлік, қатысу деңгейі, ұрпақтар сабақтастығы, азаматтық белсенділік, инфрақұрылымға қолжетімділік, ішкі және жастар туризмін дамыту мәселелерін қамтиды.
Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект. Бұл бағыт медиамінез-құлық, цифрлық мәдениет, платформалар мен әлеуметтік желілердің ықпалын зерттеуге бағытталған.
Мемлекеттік басқару. Бұл бағыт мемлекеттік институттардың тиімділігі, мемлекеттік қызметтердің сапасы, билік органдарына сенім деңгейі, халықпен кері байланыс және мемлекеттік құрылымдардағы бизнес-процестерді автоматтандыру мәселелерін қамтиды.
Мәдени дипломатия және креативті индустрия. Бұл бағыт арт-жобалар мен креативті кәсіпкерлікті зерттеуге арналған.
Өңірлік саясат және қоғамдық көңіл-күй. Бұл бағыт идеологиялық қайшылықтар, этноконфессиялық тұрақтылық, аумақтардың әлеуеті, көші-қон үрдістері және экологиялық мәселелерді қамтиды.
6. Күтілетін нәтижелер
Курс түлектерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу көзделеді.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жас сарапшылар қауымдастығы үшін тұрақты кәсіби орта ретіндегі рөлін күшейту, жастар аудиториясы мен үкіметтік емес ұйымдар арасында оның танымалдығын арттыру жоспарланады.
Жоба қатысушыларының баяндамалары мен идеяларын медиакеңістікте кеңінен ілгерілету көзделеді.
Өңірлерде аналитикалық жұмысты дамытуға тартылған белсенді түлектер пулын қалыптастыру маңызды нәтижелердің бірі болмақ.
Жобаның және ғылыми-зерттеу орталығының құндылықтарын ілгерілететін «Жастар» ҒЗО амбассадорларының командасын қалыптастыру жоспарланған.
Сондай-ақ жастар арасынан жаңа буын сарапшыларын қалыптастыру күтіледі.
Маңызды ақпарат
Осы Тұжырымдамаға Ұйымдастырушы тарапынан өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Бұл туралы қатысушылар ресми байланыс арналары арқылы алдын ала хабардар етіледі.
Байқауға қатысу осы Тұжырымдамада көрсетілген талаптармен келісуді білдіреді.
Қосымша ақпарат алу үшін төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады:
+7 701 426 0195, a.turgaleeva@eljastary.kz — Ақмарал Тұрғалиева, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары.
+7 775 734 72 47 — Айым Ақылбайқызы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының талдау және коммуникация басқармасының сарапшысы.
