Экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындар жазаланды
Қарағанды облысында экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындарға айыппұл салынды. Жоспардан тыс жүргізілген тексерулер барысында анықталған заң бұзушылықтардың қоршаған ортаға, әсіресе ауа сапасына кері әсер ететіні белгілі болды.
Экологиялық тексеріс нәтижесінде өңірдегі екі кәсіпорынның талаптарды бұзғаны анықталды. Соның бірі – «Карцемент» компаниясы, онда шаң мен газ қоспалары бар тазартылмаған шығарындылардың ауаға таралғаны тіркелген. Екінші кәсіпорында қоршаған ортаны бақылау және есеп жүргізу жүйесінің толық жұмыс істемейтіні белгілі болған. Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық белгілері расталып, тиісті айыппұлдар салынды.
– Тексеру қорытындысына сәйкес, құрамында шаң бар шығарындылар тиісті тазартудан өтпестен тікелей атмосфераға таралған. Бұл аспирациялық жүйелердің жеткіліксіз тиімділігін және жабдықтың герметикалығы бұзылғанын аңғартады. Нәтижесінде кәсіпорынға 1 миллион 730 мың теңге көлемінде айыппұл салынған, – деді Қарағанды облыстық экология департаментінің маманы Зейнеп Қоңырбаева.
Тексеру кезінде «Трансметаллосбыт» серіктестігінде өндірістік экологиялық бақылау жүргізілмегені және аккредиттелген зертханалармен тиісті келісімшарттардың жасалмағаны анықталды. Сонымен қатар экологиялық рұқсатта көрсетілген талаптардың сақталмағаны белгілі болды. Осы бұзушылықтар үшін кәсіпорынға 562 250 теңге айыппұл салынды. Экология саласының мамандарының айтуынша, жоспардан тыс тексерістермен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілетін шаралар мен қоқыс полигондарын жою жұмыстары өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етпек.
– «Таза Қазақстан» акциясы аясында бірқатар шара жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы 582 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, олардың барлығы толықтай жойылды. Сонымен қатар, заңсыз полигондардың пайда болуын болдырмау мақсатында тұрғындардан түскен өтініштер мен мамандардың анықтаулары негізінде жауапты мекемелер мен тұлғаларға жедел түрде ескертулер жолданады. Мамандардың айтуынша, экологиялық ахуалды сақтау – баршаның ортақ міндеті, – дейді маман.
Эколог мамандар мұндай аудиттердің көмегімен қоршаған ортаны қорғау шараларын күшейтіп, экологияға кері әсерді барынша азайтуды көздеп отыр.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

